Кәсіпкерлер кәсібін өзгертіп жатыр

Dalanews 26 қаз. 2017 16:34 267

Өскеменде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы аясында алғашқы балабақша бой көтереді. Құрылыс жұмыстары биыл басталған тәрбие ошағы 250 орындыққа шақталған.

ШҚО бизнесмендері белсенді түрде кәсіптерінің бағытын басқа арнаға бұрып жатыр. Олар енді өз қаражаттарын тек коммерциялық емес, сондай-ақ әлеуметтік маңыздағы нысандардың құрылысына жұмсамақ. Биылдың өзінде кәсіпкерлер Өскемен мен Семейде 4 балабақшаның іргетасын қалауды межелеп отыр. Аймақ басшысы Даниал Ахметов атап өткендей, осы үлгіде енді «бизнес қосымша пайданың мүмкіндігін сезіне бастайды».

–  «VKgroup» компаниясы құны 733 млн.теңге тұратын 250 орындыққа шақталған балабақшаның құрылысын бастады. Жоба «Даму» қорымен бірлескен бастама негізінде, яғни, 8,5 пайыздық үстемеде қаржылай қолдау табады. Кәсіпкерлерге өте тиімді көмек деп есептеймін. Осы ретте аса маңызды екі нәрсені атап өткім келеді. Бірінші – ол бизнес әлеуметтік салаға бет бұрды. Екінші – өз қаражаттарын құйып жатыр. Көп ұзамай мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы жобалардың да тиімді екеніне көптің көзі жетеді, – деді құрылыс алаңын аралаған Даниал Ахметов.

Осылай, ШҚО атқарушы билігі бюджеттен тыс қаражат тарту ісіне білек сыбана кірісіп отыр. Сандарды сөйлетсек, Еуропа қайта құру және даму банкімен 40 млрд.теңгені құрайтын келісімшартқа қол қойылды. Бұдан бөлек, Өскеменде 300 төсекке арналған аурухананың жобасы тағы бар. Айта кету керек, МЖС бойынша бой көтеретін балабақшалар 100 пайыз мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етіледі.

 

https://dalanews.kz/30266

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x