«Жетісу» волейбол командасының құрамы жаңартылды

Dalanews 19 қаз. 2017 16:43 432

Бүгін «Жастар» Спорт сарайында «Жетісу» кәсіби волейбол командасының жаңартылған құрамының ресми презентациясы өтті.



Шарада команданың жаңа құрамы таныстырылды. Клуб жетекшісі жуырда бірнеше жаңа ойыншымен келісімге отырған болатын. Сөйтіп «Жетісу» әйелдер командасының құрамы 2017-2018 ойын маусымында Людмила Малофеева, Кристиана Карапетян, Даниэла Никич, Екатерина Попова, Александра Рогулинамен толықты. Команда жаттықтырулықты бұған дейін де осы қызметте болған, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, еліміздің Ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Вячеслав Шапран жалғастыра бермек.

Ерлер командасына келсек, команда 13 ойыншыдан тұрады, жаттықтырушысы – волейболдан спорт шебері, «Жетісу – Жастар» командасының бас жаттықтырушысы Дмитрий Зверев.

Салтанатты шараға облыс әкімі, волейболдан спорт шебері,  Қазақстан Волейбол федерациясының вице-президенті, Алматы қаласы мен Алматы облысы Волейбол федерациясының президенті Амандық Баталов қатысты.

– Құрметті спортшылар мен жаттықтырушылар! «Жетісу» волейбол клубы өңіріміздің спорттық символдарының біріне айналып үлгерді. Осы команданың жаңа құрамын білу, тану спорт сүйер қауымның қызығушылығын туғызатыны анық. Сондықтан жаңа маусымның алдында халыққа спорттық командалардың құрамын таныстырып, ойыншыларға сәттілік тілейік деп бас қосып отырмыз. Біз «Жетісу» командасының ойыншылары мен жаттықтырушыларына үлкен сенім артамыз. Алдағы маусымда сіздерді Қазақстан чемпионаты Ұлттық лигасы командалары арасындағы тартысты ойындар күтіп тұр. Осы додаларда кәсіби деңгейден көрініп,  жарқын жеңістерге жетесіздер деп сенемін. Сіздерге шын жүректен тек сәттілік тілейміз! – деді облыс басшысы А. Баталов.

– Біз бұдан әрі де қарқынды жаттығып, өзіміздің кәсіби деңгейімізді, шеберлігімізді шыңдай береміз. Жаңа маусымда жарқын ойын үлгісін көрсетіп, жеңіс тұғырында болуға тиіспіз, – деді «Жетісу» әйелдер командасының бас жаттықтырушысы Вячеслав Шапран.

Команда ойыншылары атынан сөйлеген Мәрлен Айтжанов пен Людмила Малофеева өздеріне артылған зор сенімді ақтайтындықтарына сендірді.

Таныстырылым салтанатынан кейін жасөспірім спортшылар клуб мүшелеріне 30 волейбол добын ұсынды. Спортшылар оған өз қолтаңбаларын қойып, тілегін жазып жанкүйерлеріне таратты.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x