Латын әліпбиі тілімізді сақтап қалады

Dalanews 18 қаз. 2017 17:36 224

Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі  бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта елімізде  латын әліпбиі бойынша ақпараттық-насихаттық топ түсіндіру жұмыстарын  жүргізуде.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс шарлар жоспарына сәйкес құрылған «Жаңа әліпби жаңа дәуір бастауы» атты  Алматы  облысының  ақпараттық түсіндіру  жұмыс тобы да  аймақ бойынша  насихаттау жұмысын бастап кетті.

Ақпараттық-насихаттық топ  мүшелері  бұл жолы жетісу өңіріндегі халқы көп шоғырланған Еңбекшіқазақ  ауданында болды.

Елдімекен тұрғындарына қазақ тілінің латын әліпбиіне ауысу қандай мүмкіндіктер әкелетінін түсіндіру үшін топтың белді мүшелері  ауыл халқымен жүздесіп, пікір алмасты.

Ең алдымен табан тіреген елді мекен Шелек ауылдық округі болды. Ауылдық әкімдіктің мәжіліс залында өткен басқосуды  округ  әкімі Есенғали Есенханов  ашып, жиналған қауымға  топ мүшелерін таныстырып өтті.

Қазақ тілін латын әліпбіине көшіруге қатысты  алғашқы сөз

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент  Сайлау Қожағұловқа берілді.

Латын әліпбиіне көшу кеше немесе бүгін қозғап жүрген мәселе емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы бұл мәселені біздің алдымызға мақсат етіп қойды. Бұл қазақ халқының латын әліпбиіне көшуі  емес, қайта оралуы деп айтсақ болады... Ал осы жұмысты қолға алған ақпараттық түсіндіру тобының мақсат-міндеті  елді  үгіттеу  емес, латын  графикасы туралы кеңінен мағлұмат беру. Бұл жүздесуде тек біз ғана сөйлеп қалмай, сіздердің де осыған қатысты ой пікірлеріңізді тыңдау үшін келдік, – деп Сайлау Қажыбекұлы   жаңа графиканың енгізілуі білімнің әлемдік деңгейге жетуін, технологияның  дамуына және жастар арасында бәсекелестікті өрбіте түсетіндігін айтты.

– Тарихымыздан белгілі қазақ жазуы қаншама реформаға ұшырады. Бізде рудникалық жазу, төте жазу да болды. Латын графикасын да көрдік, кирилл жазуында  да жаздық. Енді қайта латын графикасына қайта оралып отырмыз, – деп  бастады сөзін   І. Жансүгіров атынлағы ЖМУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы Айна Рахимова.

– Мұның бәрі не үшін қажет?  Тіліміз сол  қазақ тілі емес пе?! Ендеше, осы бір  нәрсені қарапайым бейнелі түрде ашып айтсам деймін. Тіл дегеніміздің өзі тірі құбылыс. Адамның ағзасы сияқты қамқорлық көрмесе ол да азады, тозады. Тіпті өлуі де мүмкін. Оған дәлел – латын тілі. Қазір әлемде латын тілі деген өлі тіл. Бірақ, латын жазуы әлемді, ғаламторды кең таралған. Енді  біз соған ойысып отырмыз. Біздің тіл сол тілдің қатарына қосылмас үшін  қазақ тілінің жазуы дұрыс болуы керек. Не үшін? Себебі біз тілімізбен айтатын нәрселер біздің ойымыз, тіршілігіміз ғой. Сайып  келгенде тілімізбен айтылған дүниенің барлығы  біздің тарихымыз. Ал тарихымыз  қайда басылады? Әлбетте, жазу арқылы тасқа басылады. Біздің тілімізден шыққан нәрсе жазу арқылы  ұрпаққа қалады десек, онда жазуымыз қандай болуы тиіс? Жазуымыз өз деңгейінде, өзінің ұлтына сай, өзінің қазақилық иісін сезіндіріп тұруы тиіс. Сол үшін біз жазуымызды реформа жасау жолында шырылдап жүрміз. Қазір қоғамда латын графикасына көшу туралы әртүрлі ойлар өрбуде. Тіпті, осы жазу керек пе, жоқ әлде кириллицада қалғанымыз дұрыс па деген  санада сан түрлі ойдың  орын  алмасы үшін әрқайсымыз жүрегімізбен жазудың не үшін қажет екендігін жете білуіміз керек. Өйткені, жазудың мәнісі біздің тілімізді сақтап  қалуда жатыр, – деген Айна Маратқызы өз сөзінде  латын графикасына көшудегі  бірқатар тиімді аспектілерді  де тілге тиек етті.

Қазақ тілін латын әліпбиін көшуге  қатысты түсіндіру бойынша топтың белді мүшелерінің айтуынша, латын әліпбиіне көшуін  болашақтың мүддесі деп қарауға тиіспіз. Біз ертеңгі тарихқа таңбаланып жазылып қалатын дүниелердің сауатты жазылуын, өзіміздің ұлттық  ерекшеліктерді  айқындап  қалуын көздеуіміз керек. Латын графикасы қазақ тілін, қазақ жазуын қазақиландыру үшін аса қажет.



Сонымен қатар, әліпбиді қабылдау жазу реформасының тек басы ғана екенін айтады тіл мамандары. Олардың сөзінше, жазу  реформасы тілімізде бар сөздердің  жазу ережесін  жасақтап, қалыптастырып жариялаумен  ғана бітеді. Мәселен, кириллица  1940 жылы қабылданса, ал жазу емлесі тек  1957 жылы  ғана жарық көрді. Бұл дегеніңіз, он жеті жыл бойына қазақтың сөздерінің   жазылу тәртібі  жасалды. Ендеше, бұл, қазір біздің үлкен жазу реформасының алдында тұрғандығымызды еске салады. Дей тұрғанмен, мұның бәрі  сол қиындықтан өтуге лайықты. Себебі, бұл біздің болашағымызға, ұлттық  ерекшелігімізді айқындауға өзінің жеңілдігін бермек.

Сондай-ақ жиында облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, топтың белді мүшесі Жұматай Оспанұлы да сөз алды. Өз сөзінде ол латын әліпбиіне көшу ұлт  болашағы үшін жасалып жатқан игі бастама екендігін айтып, осы төңіректе тұщымды ойларын ортаға салды.

Мұнан кейін сөз алған Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Туғанай  Рахымберлина  қазақ тілін латын әліпбиіне  көшіруге қатысты басқарма тарапынан облыс көлемінде атқарылып жатқан жоспарлы жұмыстар жайлы  тілге тиек етті. Сонымен бірге латын графикасын қабылдағанда   қандай жеңілдіктер мен мүмкіндіктер қарастырылғаны,  жетістіктерге жету жолдары туралы да кеңінен баяндады.

Топ мүшелерінің тұщымды ойларын тыңдаған көпшілік қауым да үнсіз қалмай  өздерінің сауалдарын  қойып, қанағаттанарлық жауап алды. Осы тұста қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің  мұғалімі болып жұмыс істейтін Роза Тоқтасынқызы  телеарналардағы  жүргізушілердің «ң, ғ» секілді дыбыстарды айта алмайтынындығына іштей  қынжылатынын, латын әліпбиіне көшкен кезде осындай кемшін әрекеттердің орны толысатына сенім білдірді.

Кездесу соңында округ әкімі Есенғали Есенханұлы  барлық қатысушылар  атынан  ақпараттық-насихаттық топқа кездесу өткізгендері үшін алғысын айтты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x