«80 DAY RACE» тобы Астанаға келді

Dalanews 25 там. 2017 14:20 235

Сәрсенбі күні  Нидерланд корольдігінің павильонында «80 DAY RACE» дүниежүзілік  жарысы  өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Бұл туралы газет тілшісі хабарлады.



Лондон қаласынан сапарын бастаған Крис Рамси Астанаға «Nissan Leaf» электромобилімен 36 күн жүріп жеткен. Лондон-Моңғолия раллиі Еуропа елдері, Орталық Азия, Моңғолия арқылы өтіп, ресейлік Улан-Удэ қаласында аяқталады. 21 тамызда Рамси өзінің электромобилімен Қазақстан елордасына жетті. Ол 25 тамызда Семей арқылы жолын жалғастырмақ. «Аталған жарысқа биыл 2500 көлік қатысуда. Негізі Лондон-Моңғолия  жарысы биыл 14-рет өткізіліп жатыр. Қазақстандағы саяхатымызды Ақтаудан бастап, Ақтөбеге бардық. Енді, міне, Астанаға да жеттік. Көлігіміз бір қуаттанғаннан кейін орта есеппен 160-260 шақырымдай жолды еңсереді. Қазақстанның «Қазпошта» және «ҚазМұнайГаз» секілді компаниялары көмек көрсетіп, өңірлердегі мекемелерінде көлігімізді қуаттандыруға рұқсат берді. Сол үшін айтар алғысымыз шексіз. Сонымен қатар, мен 2019 жылы өтетін «80 DAY RACE» дүниежүзілік жарысына қатысамын», – деді Крис Рамси.

Жиын барысында «80 Day Race» жарысының негізін салушы Франк Мандерс және «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС директоры Санияр Әйтекенов «80 Day Race» дүниежүзілік жарысының шабандоздары аялдайтын тоғыз қаланың бірі ретінде Астананың додаға қатысатыны жөнінде меморандумға қол қойды. Париждегі Эйфель мұнарасынан бастау алатын жарысқа қатысушылар 9 ірі қала арқылы жер шарын айналып, саяхат жасайды. Соның бірі – Астана қаласы.

«Біз 21 тамызда Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевпен  кездесіп, біраз жайға қанықтық. Қазақстан – дамуы тез әрі биік мақсатты алға қойған ел. ЭКСПО-2017 «Болашақ энергиясы» көрмесінен біз Қазақстанның жаңашылдыққа әрі инновацияға баса мән беретін ел екенін байқаймыз.. «80 Day Race» жарысы да болашақ технологияларды кеңінен таратуды көздейді. Астана қаласының жарысты қабылдауға келісім бергені үшін қуаныштымын. Мұндай жаңа қалада әрқашан игі бастамалар көп өтуге тиіс», – деді «80 Day Race» жарысының негізін салушы Франк Мандерс.

Дүниежүзілік жарыс аясында 40-қа жуық топ 40 000 шақырымға созылған жолды жүріп өтіп, 80 күн ішінде Парижге кері қайтады. Олар күніне 500 шақырымнан аса жол жүріп отырады. Бір ерекшелігі:  шабандоздар тек жаңғырмалы қорларды тұтынатын көлікпен ғана жарысқа түсе алады. Спикерлердің айтуынша, «80 Day Race» сынды ауқымды доданы өткізу идеясы Нидерландта туындаған. Экологиялық таза көлік туралы және жасыл технологияларды кеңінен қолдануға болатындығы жайлы бүкіл әлем жұртшылығын хабардар ету – бұл жарыстың басты мақсаты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x