Қазақ өнерін биікке көтерген – Мария Мудряк

Dalanews 04 там. 2017 02:35 321

Тәуелсіздік жылдары өмірге келген жас ұрпақ қазір ат жалын тартып, азамат болды. Бүгінде олар кең байтақ Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, елімізді әлемге танытуда аянбай еңбек етуде. Тәуелсіздік – олардың жарқырай көрінуіне жол ашты. Сондықтан оларды Тәуелсіздіктің жарық жұлдыздары деп атасақ та болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының арқасында талантты ұл-қыздарымыз өзінің мүмкіндігін барынша танытуда. Олардың еңбегін Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласында ұсынған «100 жаңа есім» жобасы аясында халық арасында барынша насихаттап, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің мәні зор деп есептейміз.

«100 жаңа есім» жобасына лайықты, еліміздің атақ-абыройын асқақтатып жүрген таланттардың бірі – Мария Мудрак. Иә, ата-бабаларымыз «қыз өссе елдің көркі» деп бекер айтпаған. Ал бойжеткен қыз өнерпаз болса, барша жұрттың мақтанышы болмақ. Бұлай дейтін себебіміз, Мария жас кезінде-ақ Нидерландының астанасы Амстердамда өткен «Beivebere» классикалық ән байқауында әлемнің он үздік сопранолардың қатарына еніп, абыройымызды асқақтатқанын ұмытқан жоқпыз.

Павлодардың тумасы Мария Мудряк 18 жасында Джузеппе Верди атындағы Милан мемлекеттік консерваториясын тәмәмдаған. Он жасында Ла Скала театрының жанындағы миландық жоғары музыка мектебіне қабылданып, кейін Мемлекеттік консерваторияға түсіп, ең жас студент атанғаны белгілі.

Оған дейін, әлемнің ең жас опера әншісі ретінде, яғни бес жасында Гиннестің рекордтар кітабына енді.

«Beivebere» байқауы әлемдегі ең беделді классикалық ән байқауы саналады. Қазіргі таңда Еуропа мен Америкада танымал әншілердің барлығы осы байқаудан қанат қағып, танымалдылыққа ие болған. Аталмыш конкурстың іріктеу кезеңі әлемнің 50-ден астам елдерінде өткізіліп, тек жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар ғана байқаудың ақтық кезеңіне жіберілетінін ескерсек, Мария үздіктердің қатарынан көрінуі үшін қаншалықты тер төккенін байқауға болады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі әншінің беделді ән байқауға қатысуын жөн көріп, Марияның Амстердамдағы әндодаға бару керектігі туралы кеңес берген.

Әншінің анасы Ольга Генрихқызы Мария «Beivebere» байқауына күні-түні дайындалғанын айтқан-ды. «Қызыма іріктеу кезеңінен өту өте қиынға соқты. Себебі, 500 қатысушының ішінен суырылып шығу деген екінің бірінің қолынан келмесі анық. Рим және Миланда өткен іріктеу кезеңінде Мария жоғары балл алып, әділқазылардың оң бағасына ие болды. Мария сахнаға қазақ елінің намысын арқалап шықты»,  – сол бір сәулелі сәтті еске алды.

Мария Мудрактың ауқымды өнер додасында үздіктер қатарынан көрінуі оның талай жылғы білімі мен білігінің арқасы екендігі әмбеге аян. Аты күллі әлемге мәшһүр болған Марияның даусына қазақ жұрты да ынтық.

Елбасы Нұрсұлан Назарбаев ұсынған «100 жаңа есім» жобасына Мариядай талантты ұл-қыздарымыз ойып тұрып орын алуы керек. Әлемдік деңгейде көтеріліп, Қазақстанның атын әлемге танытқан өнер иелері көп емес. Сондықтан мұндай аяулы қыздарымызды құрметтеп, олардың өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге қылып отырудың маңызы зор деп есептейміз.

Нұрлан Жұмахан 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x