Даниал Ахметов: "Мемсатуды өзгертуді ұсынамын"

Dalanews 03 қаз. 2017 14:59 275

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстандағы, жалпы елдегі ауылдық округ әкімдіктері өткізетін мемлекеттік сатып алу үрдісін жеңілдетуді ұсынып отыр.



Ауыл әкімдерінің алғашқы республикалық форумында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің 2020 жылға дейін сатылай дербес қаржыландыруға өту мәселесі талқыланған-ды. Нәтижесінде ауылдық округтерге түсетін барлық салықтық төлемдер мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, елді-мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға, жол жөндеу, сумен қамту және басқа мұқтаждықтарға жұмсалады. Осы салалардағы өзекті мәселелерді жылдам шешу үшін өңір басшысы форумда мемлекеттік сатып алуда рұқсат етілетін шекті сома көлемін ұлғайту қажеттігін алға тартты. Бүгінде ол 100 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

– Мәселен, электр қуатын беретін желіні тез арада жөндеу қажеттігі туады. Осы сияқты шұғыл жағдайларда мәселені шешу үшін ауыл әкімі  уақыт жоғалтып, тендер рәсімдері туралы хабарлама беріп жүрмей, тікелей өзі келісім-шартқа қол қоя алатын құзыры болуы шарт. Сондықтан мемлекеттік сатып алу туралы заңға өзгерту енгізіп, байқауға қатыспайтын шекті сома көлемін 7-10 миллион теңгеге дейін арттырса, дұрыс болар еді, – деді Даниал Ахметов.

ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов облыс әкімінің ұсынысын қолдап, оны ҚР қаржы министрлігімен бірге қарастыратынын жеткізді.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x