40 жыл жөндеу көрмеген Семейдің әуежайы жөнделуде

Dalanews 23 қыр. 2017 14:19 250

40 жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген Семейдің әуежайы 2018 жылдың бірінші жартысында толық іске қосылады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапары барысында мәлім етті.



 



Қырық жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген Семейдің әуежайы 2018 жылдың бірінші жартысында толық іске қосылады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапары барысында мәлім етті.

Қазіргі таңда ұшып-қону жолағы жаңартылды. Жұмыс кестеге сай қызу жүріп жатыр. Жыл басынан 4,8 млрд теңге игерілген.

– Аз уақыт бұрын күрделі істі қолға алдық. Енді келер жылдың маусымынан бастап семейліктер ғана емес, жақын маңдағы аудан тұрғындары да жоғары қауіпсіздік талаптарына толық жауап беретін әуежайдан ұшу мүмкіндігіне ие болады. Бұл жер сондай-ақ, қаладағы маңызды инфрақұрылым қатарын толықтырады. Оған сенім зор, – деді аймақ басшысы.

Даниал Ахметов әуежай толық жөнделгеннен кейін ұшу географиясы артатынын айтты. Тарих тағлымында ойып тұрып орын алар Семей үшін бұл туристер тартуға мол мүмкіндік берері сөзсіз.

Кезекті жұмыс сапары барысында қаладағы соны өзгерістерді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов барынша бағамдады. Биыл Семейдің жолдарында орта жөндеу жұмыстары қызу жүргізілді. 23 шақырым қашықтыққа асфальт төселіп, 8 орталық көше жаңартылды.

Жол төсенішін салу үшін 1 млрд. 260 миллион теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда қаражат көлемі 78 пайызға еселенген. Оның ішінде орта жөндеу жұмыстарына 900 миллионнан астам қаражат, 70 көшедегі ағымдағы жұмыстарға 290 миллион теңге жұмсалды.

– Өткен көктемде жолдар жасалынады деп айтқан едік. Нәтижені көріп тұрсыздар. 23 шақырым жол жөнделді. Бір жаздың ішінде осынша жолды қалпына келтіру жұмыстары Семейде қашан жүргізіліп еді? – деді облыс әкімі.

Даниал Ахметов сондай-ақ, келесі жылы қаланың тағы 25 шақырым жолына асфальт төселіп, абаттандыру жұмыстары жалғасатынын айтты. Айта кету керек, алдағы бес жылда Семейдің инфрақұрылым желісі де жақсартылып, жаңартылады.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семей қаласындағы іс-сапары барысында өңірдегі ең маңызды денсаулық сақтау нысандарының бірінде болды. Өкінішке орай, мекеме жабдықталуында кеткен кемшіліктер кесірінен әлі күнге дейін іске қосылмай тұр.

Кезекті тексеру кезінде сұйық радиоактивті қалдықтарды сақтауға арналған жабдықтың Шымкенттегі кәсіпорындардың бірінде әзірленгені анықталды. Ал жоба бойынша ол Германиядан алынуы тиіс еді. Осылай, сапасы талапқа сай емес жабдық – күннің басты проблемасы болып отыр. Іске жауапсыз келгендер қатарында құрастыру жүргізген кәсіпорын да бар. Оның радиоактивті заттармен жұмыс жүргізуге тіпті рұқсат қағазы болмаған.  Жыры бітпеген мекемедегі жағдайды кезекті рет сынға алған аймақ басшысы мәселені түбегейлі шешуді тапсырды.

– Лицензия міндетті түрде болуы тиіс. Бірақ оны ешкім тексермеген. Ал жабдық болса, талапқа сай емес. Біз үшін халықтың қауіпсіздігі бірінші орында, сондықтан оны міндетті түрде ауыстырамыз, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Аймақ басшысының тапсырмасына сай, қазіргі таңда ядролық орталықтағы олқылықтың орнын толтырып, проблеманы шешудің бірнеше жолы қарастырылуда.

 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/30258

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x