Даниал Ахметов: «Әкімдер көрсеткіш үшін жұмыс істемеуі керек»

Dalanews 22 қыр. 2017 13:53 271

Аймақ басшысы облыстық әкімдік отырысында таза ауыз сумен қамту мәселесіне аудан әкімдерінің білек сыбана, белсенді түрде кірісуін тапсырды. Қазіргі таңда өкінішке орай, Көкпекті, Жарма, Ұлан және Тарбағатай аудандарында бұл бағыттағы жұмыстар ақсап тұр.



Соңғы бес жыл көлемінде облыста «Ақ бұлақ» және «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында 36,6 млрд. теңгеге 110 сумен қамту нысаны салынды. Биыл олардың қатары 47 жобамен толықты. Бұл ретте аймақ басшысы аудан әкімдеріне қаражатты есеп үшін емес, халықтың шынайы игілігі үшін жұмсау керектігін ескертті.

– 135 ауылға су тарттық деп есеп берей салмай, халық қай ауылда көп шоғырланған, бірінші сол елді-мекендерге тарту керек. Әйтпесе, көрсеткіш үшін жұмысты тез-тез бітіруге болады. Бірақ, ең бірінші халықтың қамын, атқарылар істің сапасын ойлауымыз керек. Әр жоба үшін аудан басшылары жеке-жеке жауап береді, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Бүгінде сумен қамту деңгейі өңірдегі орта көрсеткіштен төмен аудандарда облыс әкімінің тапсырмасы бойынша арнайы жұмыс тобы талдау жүргізуде. Жалпы 2020 жылға дейін аймақтағы ауылдардың 62 пайызын таза ауыз сумен қамту жоспарланып отыр.

 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x