Астанада «Жер кіндігі – Қазығұрт» көркемөнер көрмесі өтуде

Dalanews 31 там. 2017 16:49 218

Оңтүстік Қазақстан облысының Астана қаласындағы күндері аясында «Қазақстан» орталық концерт залының фойесінде «Жер кіндігі Қазығұрт» атты көп салалы ғылыми көркемөнер көрмесі өтуде. Елбасының «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» мақаласын насихаттауға арналған шараның мақсаты -  Астана қонақтары мен жұртшылығын Оңтүстіктің тарихи шежіресімен шығармаларымен таныстыру.



Оңтүстік өңірі тарихи-мәдени ескерткіштерге толы аймақ. «Жер кіндігі Қазығұрт» көп салалы ғылыми көркемөнер көрмесінде 9 бөлімнен тұратын тарихи шежіреден сыр шертетін белгілі қылқалам иелерінің шығармалары, қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары мен тарихи фотосуреттері және облыс  музейлерінің жәдігерлері жұрт назарына ұсынылды.

Мәселен,  «Оңтүстік табиғаты» бұрышында  өңірдің әсем табиғат көріністерінен фотосуреттер мен кескіндемелік жұмыстар, қазба байлықтардың үлгілері, Кентаудағы тау-кен тарихы музей қорынан, Сайрам, Өгем, Қаратау тауларының, Ақсу – Жабағылы қорығының фотосуреттері, Келіншек тау, Түлкібас, Қазығұрт тауы және облыс табиғатын бейнелейтін кескіндемелік картиналар орналастырылған. Ал, «Көненің көзі – тарихтың өзі» бұрышында  көне Отырар каласынан археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қыш құмыралар, күміс теңгелер т.б. құнды жәдігерлер, Түркістан Қ.А. Ясауи кесенесінің макеті, ежелгі қалалардың фотосуреттері, аэрофотосуреттер, тақырыпқа байланысты кескіндемелік картиналар, қыштан жасалған ыдыстар, монитордан бейне фильм көрсетілді.

«Қол өнерім-өнегем атты бұрышта қазақ халқының этнографиялық коллекциялары, аяққаптар, қоржындар, шашақбаулар, басқұрлар, зергерлік бұйымдар, кәдесыйлықтар мен  ұлттық бұйымдар қойылса,  «Тарихи мәдени ескерткіштер» тақырыбында  Домалақ ана, Бәйдібек ата, Ысқақ баба, Баба Түкті шашты Әзіз кесенелерінің фотосуреттері мен макеттері,  VIII- IX ғ.ғ. қыш ыдыстары ілінді. Сондай-ақ көрмеде  «Қолөнер бұйымдарын сату бұрышы»,  «Көне кітап әлемі» – кітаптар бейнеленген фотосуреттер, көне кітаптар,  «Хандық дәуір» – хандық дәуірді көрсететін кескіндемелік картиналар, сауыт, қару-жарақ, Хан тағы, Тайқазан, Лауха тағы да басқа жәдігерлер жұрт назарына ұсынылды.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжановтың айтуынша, көрмеге келушілерді әсіресе,   ұлы сазгер – Шәмші Қалдаяқовтың, күш атасы – Қажымұқан Мұңайтпасұлының кескіндемелік фотосуреттері мен портреттері, олардың жеке қолданған заттары, медальдары, жарнама қағаздары таң-тамаша еткен.

 

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x