Т. Дүйсенова: Халықты нәтижелі жұмыспен қамту аса маңызды

Dalanews 02 там. 2017 07:55 156

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновамен кездесті.  Басқосуда тараптар саладағы атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталды.


Атап айтқанда Тамара Қасымқызы өңірдегі «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы мен «Өрлеу» жобасы сынды маңызды бағдарламалардың орындалу барысына көңілі толатынын мәлімдеді. Министр ханым, сондай-ақ, облыстағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін халыққа түсіндіру жұмыстарын одан әрі жандандыру жайын облыс әкімімен  талқылап, оңды нәтижелерге жетудің жолдарын қарастырды.


Кездесуден соң қос жетекші әлеуметтік салалар аясында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша шаһардағы бірнеше нысандарды аралауға шықты. Министр Тамара Дүйсенова мен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, ең алдымен, «Өрлеу» жобасына қатысушы шымкенттік тұрғын Айнұр Жаманқұлованың шаңырағында болды. Жоба игілігін пайдаланып, 500 мың теңгеге жуық қаржы алған кәсіпкер бүгінде өз үйінен  тігін цехын ашып,  әйелдерге арналған сәнді киімдер тігумен айналысып жатыр. «Әзірге айлық табысым 150 мың теңгенің көлемінде» деген Айнұр алдағы уақытта «Өрлеудің» кезекті мүмкіндіктерін тиімді пайдаланамын деп  отыр. 


Т.Дүйсенова «Өрлеу» жобасына қатысушы азаматшаның жұмысына сәттілік тілеп, «Жастар тәжірибесі» аясында көмекші алуға кеңес берді.


 «Кәсібіңізді дөңгелетіп алып кету үшін сіз көмекші алып, оған шығындалудың қажеті жоқ.  Өйткені,  әзірге табысыңыз оны көтермеуі мүмкін. Сондықтан жергілікті жұмыспен қамту орталығына өтініш жазып, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен өзіңізге көмекші алуыңызға болады. Оның алты айлық жалақысын мемлекет төлеп береді. Егер ол көмекшіңіз ойыңыздан шығып жатса, келісімге келіп, еңбекақы тағайындап, жұмысқа алуыңызға мүмкіндігіңіз бар. Жалпы,  халықты нәтижелі жұмыспен қамту – тұрақтылық пен табысқа бастайды. Сондықтан облыста осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беруге болады», - деді Тамара Қасымқызы.    


Жұмысшы топ  арнайы аялдаған кезекті нысан – «Стандарт Цемент» ЖШС ғимараты болды. Зауыт жұмысымен танысып, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде құрылған әлеуметтік жұмыс орындарына қатысушылармен әңгімелескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ондағы жұмысшылардың мәселелерін тыңдап, мемлекет тарапынан жасалынып отырған жеңілдіктерді баяндады. 


Бүгінде 700-ге жуық жұмысшысы бар «Стандарт-Цемент» зауыты 2011 жылы құрылған. Цемент өндіріп, оны сатумен айналысатын серіктестік жылына 2 млн. тонна өнім өндіреді. Мұндағы цемент өнімдері Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан мен Тәжікстанға саудаланады.


Министр мен әкім бастаған топ Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығында жалғасты. Жұмыспен қамту орталығы 2011 жылы құрылған. Ал жаңа ғимарат 2016 жылдан бастап пайдаланылуда. Халықты жұмыспен қамту саласы бойынша мұнда қазіргі таңда 60-қа жуық қызметкер жұмыс істейді. Күніне мұнда 200-ге жуық адам келіп, түрлі саладағы жұмыстарға жолдама алып жатады.  Ғимараттың төменгі қабатында жалдамалы жұмысшыларға жағдай жасалған.  Тамара Қасымқызы шаһар жұртшылығын жұмыспен қамту саласына жауапты жетекшілермен тілдесіп, жұмысты одан әрі ширатуды тапсырды.


 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x