Алып қашудың құрбаны болған 19 жастағы қызды жақындары жер қойнына тапсырды

Dalanews 03 там. 2017 03:37 239

Алматыда қайтыс болған 19 жастағы Тілеугүл Қуанышқызын жақындары жер қойнына тапсырды. Қаралы жиында  марқұмның туыстары қыздарының өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болғанына сенбейтіндерін айтты.

Ал, Алматы полициясы болса, студент қыз алып-қашудың құрбаны болғандығы туралы ақпаратты жоққа шығарып отыр.

Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Жеңгесінен екі сағатқа сұранып, сыныптастарымен кездесуге кеткен күйі үйіне оралмаған Тілеугүлдің жақындары арманы асқақ қыздарының өліміне әлі сене алар емес. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің бірінші курсын тәмамдаған студент, таяуда ғана ақылы бөлімнен ауысу үшін, қосымша тест тапсырған.



Сол сынақта жоғары балл алып, “әке-шешемнің үкілеп отырған үмітін ақтаймын” деп жүрегі алып-ұшып қуанып жүрген қыздың өз-өзін өлімге қиюы мүмкін емес дейді. Өзі “Ерке” деп еркелете атайтын  қайынсіңлісінің соңғы хатын алған жеңгесі де, қаралы хабардың өздеріне кеш жеткеніне күдік келтіреді.

«Сағат сегіз жарым кезінде звондап бастадық. Телефонына, ватсабына кіріп отырды. Төртте ондай жағдайда болғанда, оның ватсабына, телефонына кім кіріп отырды? Жазалансын! Біз кешкі уақытта ғана таптық оны»

– дейді Тілеугүлдің жеңгесі Риза Бауыржан.

Өзі-өжет, батыл, өз пікірін жасқанбай жеткізе алатын қыздарын – қасақана қылмыстың құрбаны болды деп есептейді, марқұмның жақындары. Қаралы хабар қабырғасын қайыстырған анасы да, үнемі жайдары жүретін Тілеугүлінің өмірмен- осылай қоштаса салуы мүмкін еместігін айтып, қылмыстық істің әділ тергелуін сұрайды.

«Азиз деген алып қашқан. Оқуға түскелі тұрған құлыным, оқуға түсейін деп тұрған құлынымды алып қашып отыр. Әділ жазасын берсін! Құлынымды неге өлтіреді?» – дейді Тілеугүлдің анасы Жанаргүл Бұзауқызы.

Тілеугүлдің соңғы сәтте кіммен, сөйлесіп, қай құрбысымен туған күнге барамын дегені  жақындарына да белгісіз. Өйткені, қыздарының ұялы телефоны – әлі полиция бөлімінде. Ал, Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі бүгін Тілеугүл Қуаныштың – алып-қашудың құрбаны болмағанын айтып, сұхбат берді. Оған студенттің өмірінің соңғы сәттері түсіп қалған, яғни оқиға болған үйдің есігінің алдындағы бейнебақылау камерасындағы бейнекадрдың дәлел екенін айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x