Жетісу – Көгалдағы хоккей спортының ордасы

Dalanews 10 шіл. 2017 05:23 188

Талдықорғанда Тіл сарайында ҚР Көгалдағы және индоор хоккей федерациясының президенті, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов «Бесарыс» кәсіпқой хоккей клубының мүшелерімен кездесті, – деп хабарлайды Алматы облысы Тіл басқармасының баспасөз қызметі.

Кездесуге ҚР Көгалдағы хоккей Федерациясының вице-президенті Берікқазы Сексенбаев, Алматы облысы  мәслихатының хатшысы Сұлтан Дүйсенбінов,  облыстық  денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек  Шарапиев, «Бесарыс» кәсіпқой  хоккей  клубының  мүшелері және  БАҚ өкілдері қатысты.



Айта кетейік, көгалдағы хоккей  ойнайтын алаң Республика бойынша бірінші болып Талдықорғанда  салынған  болатын. Нысан халықаралық стандарттың барлық талабына жауап береді. Ал стадионның «Жетісу» жерінде бой көтеруіне Қазақстанның көгалдағы және индоор хоккей федерациясының президенті, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтің қосқан еңбегі зор.

Соңғы жылдарда Алматы облысында көгалдағы хоккей жақсы дамып келеді. Талдықорғанның «Бесарыс» клубы Қазақстан біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы атанса, индорхоккейден әйелдер командасы Азияның үш дүркін чемпионы атанды.

Келелі  кездесуді ашып, жүргізген Қазақстан Республикасының көгалдағы және индоор хоккей федерациясының президенті Серік Үмбетов    қазақстанның көгалдағы хоккей бойынша ұлттық құрамасының негізгі ойыншылары Алматы облысынан шыққан спортшылар екенін, ал 2011 жылы Талдықорғанда құрылған «Бесарыс» клубы Қазақстан мен Азияның бірнеше дүркін чемпиондары болып табылатынын  тілге тиек етті.

– Елбасы өз Жолдауында қазақстандықтардың кемінде 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануы тиістігін айтқан болатын. Талдықорған қаласындағы  көгалдағы хоккей ойнайтын алаңның бой көтеруі Елбасының  бұқаралық  спортты дамыту талабын орындаудың басты белгісі болып табылады. Ал өскелең  ұрпақты салауатты өмір салтына тәрбиелеуде  спорттың пайдасы зор, – деді Серік Әбікенұлы.

Алматы  облысы бойынша  бүгінгі  күні 300-ге тарта ер  және қыз бала   көгалдағы хоккеймен айналысады.

Кездесуде көгалды хоккейдің үздік спортшылары облыс әкімінің Құрмет  грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x