Шекарада 50 мың долларынан айырылған жесір анаға қатысты сот шешімі бүгін шығады (видео)
Атамекеніне оралып, Қытайдан Қазақстанға көшіп келмек болғанда шекаралық тексеру кезінде 50 мың долларға жуық бар жиған-терген ақшасынан айырылып қалған қандасымыз Гүлжан Мәуітханқызына қатысты апелляциялық сот отырысы 1-ші маусым күні Өскемен қаласында өтті. Сот шешімі бүгін шығады.
10 сәуір күні Гүлжан Мәуітханқызы Зайсан аудандық сотының шешіміне келіспей, ШҚО сотына апелляциялық шағым түсірген болатын. Осы шағым бойынша 1 маусымға белгіленген сот отырысында барлық жәбірленушілерден жауап алынып, соттың шешімі кеше кешкі 17.00-де жариялануы керек-тін.
Алайда айыптаушы тарап Қытай-Қазақстан шекарасынан өту кезінде жәбірленушілерден «ірі көлемде қаржы алып өтпек болды» деген айыппен екінші рет жауап алу барысына қатысқан аудармашының сот отырысына келуін өтінді. Сол себепті сот отырысы бүгін сағат 13.00-ге шегерілді.
Осы орайда айта кетейік, аталған іс бойынша тергеу барысында бірінші жауап алу кезінде жәбірленушілерге аудармашы ұсынылмаған.
Дереккөз: Baq.kz