Cоңғы жаңалықтар
Back

Зейнетақы қорындағы халықтың қаржысын Әзірбайжан банкіне берген кім?

Зейнетақы қорындағы желге ұшқан миллиардтарған қаржы Ұлттық банктің бұрынғы басшылары жауапты. Бүгін осы дау төңірегінде түсініктеме берген қазіргі бас банкир, бар айыпты өзіне дейінгі басшыларға тақты. Данияр Ақышевтың айтуынша, банкротқа ұшыраған Әзірбайжан банкіне 71 миллиард теңгеге инвестиция салу туралы шешім Қайрат Келімбетовтің тұсында қабылданған екен. Сондықтан оған Зейнетақы қоры қызметкерлерінің қатысы жоқ дейді. Бұл жайында КТК арнасы хабарлады.

71 миллиард теңге инвестиция Әзірбайжан банкіне 2014 жылы салынған. Бұл кезде Ұлттық банкті Қайрат Келімбетов басқарғаны белгілі. Сондықтан зейнетақы қорының қыруар қаржысын инвестициялау сол кездегі басшылардың шешімімен жасалғанын Данияр Ақышев алға тартты.

Әзірбайжан банкінің қаржылық ахуалы 2015 жылдың басында төмендей бастаған. Бірақ осыны біле тұра сол кездегі басшылар ақшаны қайтаруға ешқандай қарекет қылмапты. Сондықтан бұрынғы басшының қандай қателік жібергенін енді құзырлы орындар анықтайды дейді бас банкир.

– Әзірбайжан банкінен облигациялар сатып алынғаны туралы Елбасыға айтылды. Зейнетақы қорының қаржысына аталған банктен құнды қағаздар сатып алуға қатысты біраз мәселе бар. Сондықтан Ұлттық банк ішкі тексеріс жүргізгеннен кейін зейнетақы қорының қаржысын инвестициялау туралы құжаттарды құзырлы органдарға өткізеді, – ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев.

Ал осы Ұлттық банктің бұрынғы басшыларының жазаға тартылу-тартылмауы әзірге белгісіз. Бір анығы банкрот болған Әзірбайжан банкіндегі мол қаржы бүгін-ертең қайтарылмайды. Өйткені банкрот болған қаржы ұйымы қарызды өтеудің ұзақ мерзімді үш жолын ұсынып отыр. Қай-қайсысын таңдасақ та, салымшылардың тірнектеп жиған ақшасы көк тиын пайдасыз кемі 7 жылдан кейін елге қайтарылуы мүмкін.

– Ұлттық банк салымшылардың ақшасын қайтарып алу мақсатында Әзірбайжан банкімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Алайда олардың бізге ұсынып отырған ұш нұсқасы да тиімсіз. Өйткені инвестицияланған қаржының үстінен түсетін пайда жоғалады. Соған қарамастан біз Үкіметпен бірлесе отырып өзімізге ең тиімді жолды таңдап аламыз, – Данияр Ақышев.

Бас банкир бүгін еліміздің банк жүйесіндегі өзгерістерді де айтты. Алдағы уақытта «Халық банкі» мен «Қазкоммерцбанк» бірігетіні туралы бұрыннан айтылып келген-ді. Сондай-ақ, «Цесна банк» «Центр кредит банкін» сатып алуды көздеп отыр екен. «Тенгри банкі» мен «Капитал» банкі де бірігу туралы Ұлттық банкке ұсыныс жасаған. Бұдан бөлек «РБК» мен «Қазақ банкі» қаржыларын бір жерде ұстауға уағдаласыпты. Ал лицензиясынан айырылған «Қазинвестбанктің» активтерін енді «Альфа банктің» басқаратыны мәлім болды. Екінші мәрте ескерту алған «Дельта банктің» енді олқылықтарды түзеуге 15-ші маусымға дейін уақыты бар. Егер міндеттемелерін орындай алмаса «Қазинвесттің» күйін кешіп, жабылуы мүмкін.

 

Диас Нұрақын