Ақтық сын: Димаш Қытайдың әйгілі әншісімен дуэт айтады

Dalanews 14 сәу. 2017 17:08 255

Ертең Хуанань телеарнасындағы «Мен әншімін» байқауының финалы. Тартысты өткен байқаудың шешуші кезеңінде 7 әнші бақ сынайды. Ақтық сынға жеткен Димаш Құдайберген қытайлық танымал әнші Шан Вэньцземен өнер көрсетеді деп хабарлайды 24.kz.


Димаш ақтық сынға дайындығын пысықтап жатыр. Финалда Қытайдың «Леди Гагасы» саналатын Шан Вэньцземен саxнаға шығады. Олар Майкл Джексонның әлемге танымал әндерін айтады.

Earth Song және Dangerous xитін қосып, микс жасаған. 2006 жылы осы телеарнада «Супер гёрлз» байқауында жеңіп шыққан Шан Вэньцзе Димаштың саxнадағы энергетикасы өте күшті деп бағалайды.
"Димаш – музыка саласына төңкеріс әкелген талантты әнші. Оның музыкалық біліміне таңдай қақпасқа амалым жоқ. Оның бойындағы энергияны бұрын-соңды сезген емеспін. Әрине, Димаштың отаны – Қазақстан. Оны мәпелеп өсірген жер – Қазақстан. Дегенмен мұндай дарынды әншіге Қытайда үлкен саxна бар, оның миллиондаған тыңдарманы да осында. Біз Димашпен бірлесіп, Қытайда үлкен жобаларды жүзеге асырсақ дейміз"

- дейді әнші Шан Вэньцзе.



«Байқаудың финалында осал әнші жоқ. Дегенмен біз жеңу үшін сахнаға шығамыз», – дейді Шан.

Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері де «ән патшасы» атағына, қазақстандық әнші лайық деп санайды.

"Димаш Қытай сахнасында пайда болғалы «үлкен жарылыс» жасады. Бірден көрермендерді баурап, ән айту мәнерімен ерекше көзге түсті. Оның бірінші орын алатынына еш күмәнім жоқ. Ол қытай әндерін шырқауда жаңа бағыт әкелді. Бұл жергілікті тыңдарман үшін тосын сый болды", - дейді Чанша тұрғыны.

Еске сала кетейік, жеңімпаз ертең белгілі болады.
Байқауды басынан аяғына дейін тамашалап келе жатқан 500 көрермен дауыс беру арқылы «ән патшасын» анықтайды.



https://youtu.be/zvFqNC-d1FE

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x