Ұлттық жаңғыру – туған жер тұтастығы мен ел болашағының негізі

Dalanews 14 сәу. 2017 15:15 266

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде «Ұлттық жаңғыру – туған жер тұтастығы мен ел болашағының негізі» деген тақырыпта Ұлт Көшбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газетінің 12 сәуір күнгі санында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мазмұны терең,  ұлттық мүддеміз бен рухани құндылықтарымызды жандандыруға бағытталған мақаласын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Жиынға Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Әбжанов, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі тнститутының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Е.Қажыбек, Әл-Фаради атындағы Қазақ ұлттық университетінің мәдениеттану және дінтану кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы Ж.Молдабеков, Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Қапалбеков және белгілі аграршы ғалымдар, университеттің оқытушы-профессорлық құрамы, студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Дөңгелек үстелді ҚазҰАУ ректоры, ҰҒА Вице-президенті, академик Тілектес Есполов жүргізіп, көпшілікке «Ұлттық жаңғыру – туған жер тұтастығы мен ел болашағының негізі» тақырыбындағы баяндамасын ұсынды.

Ректор өз сөзінде еліміздің рухани кемелденуін негізге алған Елбасы мақаласында айтылған кемеңгерлік ойлар мен идеологиямызды нығайтуға қатысты тың ұсыныстар қазақ қоғамына ерекше серпіліс бергенін атап өтті. Тілектес Исабайұлының айтуынша мақаланың «Білімнің салтанат құруы» деп аталатын бөлімінде Елбасы: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет.   Біз жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағ­дайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгер­туге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді.   Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлі­нетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлем­дегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санаты­на қосылып отырмыз.» – деп, озық білім мен ғылымды игерген елдің келешегі зор болатынына баса назар аудартты. Осы орайда Елбасымыз ел жастарына үлкен үміт артып отыр.

Біздің университеттегі студенттердің 90 пайыздан астамы ауыл жастары. Сондықтан, мемлекет жүктеген міндеттер бойынша біз еліміздің әр түкпірінен келген білім алушыларға заманға сай, әлемдік деңгейдегі білім мен ғылымды игеруге барынша жағдай жасап отырмыз. Біздің мақсатымыз – ауыл-ауылдардан келген студенттерімізге заманауи білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын, ұлт болашағына сеніммен қарап, Ұлы Даламыздың ұлағатын бойына сіңірген, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қадірлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру, – деп атап өтті.

Одан кейін сөз алған ғалым Ерден Задаұлы тіліміздегі төл дыбыстардың саны 26-28, ал әріптеріміздің саны 42, яғни екі есе көп екендігін. Сондықтан бір дыбысты бір таңбамен беру мәселесіне ерекше көңіл бөлуіміз керектігін ортаға салды. Ерден Задаұлы:

– Келешекте қазақ тілінде басқа ұлттар да сөйлеуі керек. Сол кезде қазақ тіліндегі сөздерді дұрыс оқу үшін әр дыбыстың дәлме-дәл таңбасы болуы тиіс. Сонда жазулы тұрған дүниені оқиды. Қазақ тілін білмейтін, қазақтың төл әріптерін дыбыстап көрмеген адам екі, үш таңбамен жазып қойғаннан кейін ұмытып қала береді, шатастырады.

Ал қазіргі таңда не себепті латын әліпбиіне көшу мәселесі көтеріліп отыр? Себебі, қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең негізгісі, ең бай тіл. Өзіміздің бауырлас елдермен түсінісе алатын және бір-біріміздің жазғанымызды оқи алатындай болуымыз керек. Латын әліпбиін жасау – ғылыми проблема емес, өте оңай құбылыс болмақ. Тіл білімі институтына тапсырма берілді, бірнеше үлкен монографиялық еңбектерді зерттеп, жаңа әліпбиді жасау қиын жұмыстар емес.

Ғалым Хангелді Махмұтұлы да өткір пікірлерімен басқосудың мазмұнын арттыра түсті. «Қазіргі жазу емлеміз өте қиын. 42 таңбамен жазуда ереже көп. Іс жүзінде тілді үйренушіге, балаға оқытып жатудың өзі ауыр. Біразы оның біздің тілімізге тән емес таңбалар. Оның барлығын кириллицадан сол қалпы ала салғанбыз. Орыс тілінен кірген сөздерді сол қалпында жазайық деген принцип болған. Енді жазуды қиындатпаудың тиімді жолын қарастыру керек», – дейді филология ғылымдарының докторы.

Бұдан кейін университетіміздің «Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Сайын Борбасов және оқу орнының магистранты, Президенттік стипендияның иегері Аяулым Нұрым, тағы да басқа белсенді жастарымыз өз пікірлерін ортаға салды.

 

ҚазҰАУ Баспасөз қызметі,

Суреттерді түсірген М.Ботабеков

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x