«Бесобаның» аты өзгергенімен мәселесі шешілмеген. 100 отбасы үйсіз жүр.

Dalanews 05 сәу. 2017 00:57 208

«Бесобаның» аты өзгергенімен мәселесі шешілмеген. 100 отбасы үйсіз жүр.  

Кескен теректей құлап түскен «Бесобадағы» тұрғын үй естеріңізде шығар. Ол оқиғадан бері бес жыл өтті. Жылдар бойы тірнектеп ақша жинап, армандап жеткен пәтерлерінен бір сәтте айырылған 100-ден астам отбасы әлі үйсіз жүргенін 31 арна тілшілері хабарлады. Олардың көмек сұрап бармаған жерлері жоқ. Банктегі қарыздары болса күн сайын өсіп жатыр. Амалы қалмаған жұрт, ақыры сотқа жүгінген.

Бес жыл бойы баспанасыз жүрген «бесобалықтар» әкімдікті қойып, енді сот табалдырығын тоздырып жүр.
Билік өкілдерінен сот арқылы пәтер даулағандардың ішінде төрт бірдей кіреберісі құлап, қатты зақым келген көршілес үйдің тұрғындары да бар. Дәурен Қыдырбаев жаңа үйінде екі-ақ жыл тұрғанын айтады. Азамат апатты деп танылған үйінен шығарылғаннан кейін баспана үшін алған несиесін төлей алмай, қарызға белшеден батқанын айтты.

– Бес жыл болды. Біздің Қарағанды сияқты үлкен қалаға енді ұят мынандай жағдай, – дейді Дәурен Қыдырбаев.

Бүтін бір үйі жермен жексен болғаннан кейін аты «Бесобадан» «Шапағатқа» ауыстырылған тұрғын үй кешенінен биліктегілер екі жүз тұрғынға баспана үлестіріп берген. Ал қалған 119 адамның тең жартысы өз ақшаларына пәтер жалдап жүр. Өйткені осыдан бес жыл бұрын басталған құрылыс жұмыстары созбаққа салынып, әлі де аяқталмаған.

–  Қаражаттың жоқтығы мен мердігерлердің салғырттығынан бірнеше рет тоқтаған құрылыс бүгінде қайта жанданды. Дегенмен жұмыстар әлі де жетерлік. Өйткені, шенеуніктердің сөзінше, мына тұрған төрт секцияның шатырлары әлі де бекітілмеген. Дегенмен атқамінерлер жұмыстар сәтті аяқталса, баспаналар екі айдың ішінде қолданысқа беріледі деп отыр, – дейді 31 арнаның тілшісі Мейрамгүл Салқымбаева. Ал Қарағанды қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Сәлжан Балаубаев:

– Қазіргі таңда «бесобалықтардың» жартысына үй берілді, қазір тағы бір үй салынып жатыр. Құрылыс аяқталған кезде қалған 119 отбасына пәтер береміз. Әзірге ешқандай қиындықтар туындаған жоқ, – дейді.

Қиындық тудырмай, «бес жылға созылған» құрылысты мамыр айында аяқтауды көздеген шенділер, «әсіресе №11 тұрғын үйдегі жұмыстар көп», дейді. Үйдің сырты толық қапталмағанынан бұрын, ішкі жұмыстары да жетерлік. Бірақ қаржыдан қиындық жоқ деген атқамінерлер бұл жолы жұмыстар уақытылы тапсырылатынын айтады. Ал  бес жыл бойы пәтер зардабын тартқан бесобалықтардың биліктің уәделеріне сенгісі жоқ.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x