Таразда бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

Dalanews 04 сәу. 2017 05:08 206

«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының бітіруші түлектері үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.

Шараға  900-ға жуық студент пен 80-нен астам жұмыс беруші қатысты.

Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі жәрмеңке жастарға бүгінде білім беру ошақтарында қай сала мамандарына сұраныс көп немесе тапшы екендігін және еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасуға болатындығын анықтауға септеседі. Сонымен қатар, «Дипломмен – жұмысқа» жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Іс-шараның салтанатты ашылуында институт ректоры Дария Қожамжарова педагогикалық оқу орнының бітіруші түлектерін жұмыспен қамту мақсатында өткізіліп отырған шараның мәні мен маңызына кеңінен тоқталды.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған Жолдауында барлық қазақстандықтарды мемлекет игілігі жолындағы еңбекке шақырды, бүгінде еңбек шешуші ұлттық фактор екенін ұғындырды, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсынды. Әлбетте, Мемлекет басшысының бұл стратегиялық тапсырмасын орындауда ел жастарының рөлі зор. Жолдауда жүктелген әлеуметтік жаңғыру жолындағы нақты міндеттерді жүзеге асыруда бұл жәрмеңкенің өзіндік маңызы бар екендігін ерекше атап өткім келеді. Іс-шара жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешетін маңызды механизм болып табылады, – деді Д. Қожамжарова.

Жәрмеңкеге Жамбыл облысы мен Тараз қаласындағы мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдары қатысып, өз мекемелеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды. Студенттер бұл мүмкіндікті пайдаланып түйіндемелерін жолдады. Сондай-ақ, олар өз жетістіктері тіркелген портфолиоларының көрмесін өткізіп, презентация жасады.

– Шара биыл педагогикалық, гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдары және өнер саласында мамандар даярлаудың жекелеген бағыттары бойынша ұйымдастырылды. Соңғы ақпаратқа сүйенер болсақ, әзірге 200-ге жуық түлекке мекемелер тарапынан сұраныс түсті. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта өсетіне сенімдіміз, – деп атап өтті ТарМПИ-дың Ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі Жандар Асан.

 

Жамбыл облыс әкімнің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x