«Алтайдың» арулары екі дүркін ел чемпионы атанды

Dalanews 27 нау. 2017 09:38 295

Шығысқазақстандық «Алтай» волейбол клубының ойыншылары тағы да өздерінің мықтылығын дәлелдеді. Бұл жолы клубтың әйелдер құрамы ел біріншілігінде жеңіске жетіп, волейболдан екі дүркін чемпион атағына ие болды.

Өскемен қаласында волейболдан ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Финалдық ойында «Астана» командасын 3:0 есебімен жеңген «Алтай» волейбол командасы ұпай саны бойынша «Ертіс-Казхром» командасынан асып түсіп, жеңіске жетті.

Айта кетейік, «Алтай» волейбол клубының ерлер және әйелдер құрамы өткен жылы да ел біріншілігінде жеңіске жеткен еді.

– ҚР волейбол федерациясы атынан чемпионаттың жүлдегерлері мен жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын. Шараны жоғары деңгейде өткізіп, қолдау білдіргені үшін ШҚО әкімі Даниал Ахметовке алғыс білдіремін. Алдағы волейболдан өтетін Азия чемпионатында «Алтай» командасының ойыншылары ел намысын абыроймен қорғап, жоғары жетістікке жетеді деген сенімдемін, – деді ҚР волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Сырлыбаев.

25 – 31 мамыр аралығында Өскеменде әйелдер арасында волейболдан клубтық Азия чемпионаты өтпек. Аталған чемпионатта Қазақстан атынан «Алтай» волейбол клубы өнер көрсетеді.

Естеріңізге салсақ, жуырда «Алтай» клубының ерлер құрамы  уақытынан бұрын біріншіліктің чемпионы атағына қол жеткізген болатын. Осылайша «Алтай» екі мәрте ел чемпионы атанып, жеңіс тұғырының ең биігінен көрінді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x