Ашық диалог

Dalanews 19 нау. 2017 08:34 248

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының жанындағы Талдықорған қалалық Кәсіпкерлер кеңесінің бастамасымен және қала әкімдігінің қолдауымен өткен форум бизнес пен билік арасындағы қарым-қатынастың жаңа форматын қалыптастыруға, өзекті сауалдар мен оны шешу жолдарын талқылауға, бизнеске қолайлы жағдай жасауға бағытталған Кәсіпкерлер кеңесінің рөлін танытуға бағытталды.

Талдықорған қаласының Кәсіпкерлер кеңесі жарты жыл бұрын құрылған. 7 отырысы өтіп, онда тариф құнын анықтау, салық, табиғи монополияларды реттеу мәселелері, коммуналдық қызметтердің жұмысы көтерілді.

Кәсіпкерлер мәселесін оңтайлы шешу мақсатында қалалық кеңес жанынан 4 комитет құрылды. Бұлар – Қызмет көрсету саласы жөніндегі комитет (сауда, қоғамдық тамақтандыру, қонақ үйлер және т.б.), Агроөнеркәсіп мәселелері жөніндегі комитет, Өнеркәсіп және өндіріс жөніндегі комитет, Әлеуметтік қызмет көрсету саласы жөніндегі комитет (білім беру, денсаулық сақтау. фармакология).

«Бүгінгі таңда қалалық кеңесте 30-ға жуық кәсіпкер бар. Олардың барлығы қоғамдық пікір көшбасшылары, түрлі салалық қауымдастықтардың өкілдері. Кеңестің әрбір мүшесінің артынан ондаған ерген кәсіпкер бар. Сондықтан, Кәсіпкерлер кеңесі бизнес пен билік үшін диалог алаңы», - деп атап өтті Талдықорған қалалық Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Баниямин Файзулин.

Шара алдында екінші деңгейлі банктер, қаржылық институттар мен Кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталығының қаржылық өнімдері мен сервистік қызметтерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Форум екі панельдік сессия бойынша өтті. Қаладағы бизнес мүмкіндіктерге арналған бірінші сессияда Талдықорған әкімі Бағдат Қарасаевқа модератор рөлі берілді. Онда ол кәсіпкерлердің шаһар мен аймақ дамуына қосқан үлесіне жоғары баға берді. Ол сондай-ақ, мемлекеттік органдардың қалалық Кәсіпкерлер кеңесімен тығыз байланыс жұмыс жасау қажет екеніне назар аударды.

«Атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Бірақ, салада әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Мен әр кәсіпкермен жеке-жеке сөйлесуге даййынмын. Бірақ, ол мүмкін емес. Сондықтан, Кәсіпкерлер кеңесі құрылған. Бар мәселелеріңізді осы кеңеске салсаңыздар әбден болады. Ал, әкімдік жағынан біз сіздердің барлық бастамаларыңызды қолдауға дайынбыз», - деп атап өтті қала басшысы.

«ТК-Метакон» ЖШС директоры Петр Сребный қалада бизнес жүргізу жағдайы мен ірі кәсіпкерлік субъектілерінің мүмкіндіктері жөнінде тоқталды. Алматы облысының Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Маржан Мұрат нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа жолдары туралы баяндады.

Шараның екінші сессиясы кәсіпкерлер мен биліктің өзара әріптестігі мәселелеріне арналды. Сессия модераторы, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева Палатаның стратегиялық әріптестері – әкімдік пен прокуратура қолдауымен бизнестің көптеген жүйелі мәселелері шешілгенін айтты.

«Облыс бойынша 18 филиалымыз бар. Әрбір аудан-қаладағы бизнестің жағдайы, кәсіпкерлерлік қауымдастықтың белсенділігі әр түрлі. Жергілікті атқарушы биліктің де қолдау деңгейі түрліше. Тәжірибе көрсеткендей, Талдықорған бизнес жүргізу бойынша ең қолайлы қала болып отыр. Бизнестің дамуына, әсіресе, Бағдат Әбілмәжінұлы сіздің қолдауыңыз зор», - деді облыстық палата басшысы.

Бизнес пен билік әріптестігі жолындағы кәсіпкерлер ассоциацияларының рөлі мен ондағы мәселелерді Қазақстан мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының Талдықорған қаласы бойынша филиалының директоры Маржан Ахмеджанова, Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Гүлнар Исатаева, Талдықорған қаласының шаруа және фермерлік қожалықтарын үйлестіру кеңесінің төрағасы Александр Авдеев тарқатып берді.

Мектепке дейінгі білім беру саласының өкілі Маржан Ахмеджанова қалалық білім бөлімінің бизнес өкілдерімен байланысының жоқтығын тілге тиек етіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жақсарту жолдарын ұсынды.

«Қазіргі заман мен уақыт мемлекет пен бизнес қарым-қатынасының жаңа шарттарын ұсынып отыр. Шенеуніктер кәсіпкер проблемасын шешу үшін бар күшін салу, сұрақты екі жақтап шешу қажеттілігін түсінуі тиіс. Форумның мазмұнды бағдарламасы, қызу талқылаулар шешу жолдарын бірлесе анықтауға, қала әлеуетін заманауи және бәсеке қабілетті етуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деп қорытты.

Форум соңына қарай кәсіпкерлер мен билік өкілдері бірлесе атқаратын жұмыс бағыттарын, келесі жылы өтетін кезекті форумның тақырыбын анықтады. 2017 жылғы шара Кәсіпкерлер кеңесі мен әкімдіктің өзара атқарылған жұмыстың қорытындыларына арналады деп жоспарлануда.

Жалпы, қала бойынша 9 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген және онда 26  мыңнан астам адам жұмыс істейді. 2016 жылы жаңадан 44 нысан ашылып, 356 жаңа жұмыс орны пайда болды. Өткен жылы қала кәсіпорындары 50 млрд. теңгеден астам өнім өндірген. Қала экономикасына 62 млрд. теңге инвестиция тартылды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x