Мүлде дауыс жоқ, бәрі фальш

Dalanews 15 нау. 2017 09:44 338

Телеарналарда болатын мерекелік бағдарламалар мен түрлі жобаларға қатысу үшін бізде әншілер сұмдық таласады екен.

Бұл туралы телевидения маманы Арман Сқабылұлы NUR.KZ порталына берген сұқбатында мәлім етті.

— … Жалпы жұлдыздың жұлдыз болуына телеарналар тікелей себепші. Телеарналарда мерекелік бағдарламалар немесе түрлі жобалар бар. Онда эфирге шығу үшін сұмдық талас-тартыс. Бәрі көрініп қалуы керек, бір жеріне ілініп қалуы тиіс. Әрқайсысының қолында бір-бір фонограмма. Кейбірінің телевидениеде тамыр-таныстары бар дегендей.
Ал Димаш сияқты танысы жоқ, фонограммаға жүгінбейтін он шақты адам есіктің сыртында қалып қояды. Өкінішке қарай, бұл рас…

Мен бір-екі рет фонограммамен жүрген керемет әншілердің жанды дауыспен айтқанының куәсі болғанмын. Мүлде дауыс жоқ, бәрі фальш.
Көрдіңіз бе, бізде көрерменді, тыңдарманды алдау әлі жалғасып жатыр.

Бұл мәселеге терең бойлап, біраз зерттеп көрдім. Мысалы, мына көрші Өзбекстан мен Түркіменстанда фонограммаға мүлде тыйым салынған. Ал Еуропа елдерінде фонограммамен айтатын болса, онда концерттің афишасында әншінің фонограммамен айтатыны туралы ескерту жазылады. Демек, көрермен мұндай концертке алдап-арбаусыз, саналы түрде келеді. Ал Ресейдің Думасы осымен төртінші жыл талас-тартыспен осыған қатысты заңды қабылдай алмай келе жатыр. Оған ол жердегі шоу бизнес өкілдері, әсіресе әншілер қарсы. Заңды қабылдатпайтын иә, кәдуілгідей әлуетті топ.

Фонограммамен айтатын әншілердің қаптап кеткені, олардың телеэфирлерді жаулап алуы Димаш сияқты таланттардың шығуына бөгет болып отыр. Фонограммамен айтса айтсын, бірақ халықты алдамасын, ескертсін. Телеарналарда да тура сондай саясат. Олар студияда мүлтіксіз таза орындалып жазылған әнді ғана бергісі келеді. Ал жанды дауыспен айтатын балаларға жол жоқ.
Егер фонограммамен ән айтуды заңды түрде ретке келтірсек, ел арасынан 10 емес 100 Димаштың шығатынына мен сенемін.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x