Иранға Оңтүстіктен жылына 20 мың тонна ет экспортталады

Dalanews 15 нау. 2017 07:59 199

Иран Ислам мемлекетінен келген инвесторлар Оңтүстік Қазақстан облысынан жылына 20 мың тонна ет экспорттауға кіріспек. Екіжақты келісім нәтижесінде жүзеге асатын бұл жоба жергілікті шаруалардың мал бордақылауға деген қызығушылығын туғызуы тиіс. Бұл туралы аймақтағы шаруаларды кәсіпке баулып, шаруашылыққа бейімдеу мақсатында өтіп жатқан көшпелі  семинарда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

Қазығұрт ауданы Шарбұлақ ауылындағы «Қайып ата» мал бордақылау кешенінде өткен көшпелі семинарға Иран елінен келген  инвесторлармен қатар аудан, қала әкімдері, ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, шаруа қожалық иелері және ғылыми орталықтар мен несиелік қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Семинардың мақсаты - шаруалар мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты нығайта отырып, ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру. Ұсақ шаруа қожалықтарының бірігуіне мүмкіндік жасап, сол арқылы өнім көлемін арттырып отандық тауарды шетелге экспорттау.

«Елімізде ауыл шаруашылығымен оның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау жоғары денгейде. Осы орайда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, несиелеу және субсидиялау мәселелерін халыққа түсіндіріп шаруаларды  ата кәсіпке баулу қажет. Экологиялық тұрғыдан таза өнім саналатын біздің өнімдерімізге өзге елдердің сұранысы өте жоғары. Осыны тиімді пайдалануымыз керек», -деді Жансейіт Қансейітұлы.

Семинарға келген ғалымдар мен білікті мамандар мал тұқымын асылдандыру бойынша тәжірибелерімен бөлісіп ,шаруаларды толғандыратын сауалдарға жауап береді. Көшпелі семинарға жиналғандар  «Қайып ата» мал бордақылау кешенін аралап атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Айта кетейік, Қазғұрт ауданындағы «Қайыпата» cеріктестігі негізінен мал бордақылаумен айналысады. Бүгінгі таңда мұнда 3 мың бас ірі қара бордақыланып жатыр. Мал бордақылау алаңындағы ақбас сиырлар орта есеппен 300-350 келіге дейін ет береді.  Етті малға тән белгілері де айқын – тез жетіледі, кеудесі кең, етті, аяқтары қысқа, берік келеді. Ұрғашы тайынша күніне 700-800 грамм, 15-18 айлық бұқалаштар тәулігіне 900 граммға дейін салмақ қосады. Әрине, ол үшін малға дұрыс күтім қажет. Солтүстіктен жеткізілген ірі қараның бабы болғандықтан, күнгейдің климатына тез жерсінген.

Иран Ислам мемлекеті жылына 2 млн. 400 тонна ет тұтынады.  Осы қажеттіліктің бір бөлігін қамту мақсатында, екі  тарап  күніне 3000 бас ұсақ мал еті мен 100 бас мен ірі қара етін алу үшін келісім шарт жасасты.  Бұл  өз кезегінде, ел экономикасына оң ықпалын тигізіп, Елбасының ет экспортын арттыру міндетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, алдағы уақытта өңірімізде іріқара мал қауымдастығын құру көзделіп отыр. Өйткені облысымызда соңғы екі жылда ірі қара мал саны 35 мыңға артып,  865 мың басты, қой-ешкі 155 мыңға артып 3 млн. 893 мыңға, жылқы 16 мыңға артып 230 мыңға, түйе 1,7 мың артып 23 мыңға жетіп отыр.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x