Азық-түлік тиеген автокеруен Жамбылдан Ақтөбеге жол тартты

Dalanews 15 нау. 2017 05:05 212

Бүгін  өңіраралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Жамбыл облысынан азық-түлік тиелген автокеруен Ақтөбе қаласына жөнелтілді. Жамбылдық тауар өндірушілер Ақтөбеге әкелген өнімдерін  2017 жылдың 18-19 наурызында арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкеде саудалайтын болады. 

Екі күндік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде жалпы құны 105,5 миллион теңгені құрайтын 177 тоннадан астам ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылады. Оның ішінде 25 тоннаға жуық ет өнімдері (жылқы, шошқа, тауық еттері), 10 тонна шұжық өнімдері, 13 тонна сүт өнімдері, 5 мың дана жұмыртқа, 1,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 6 тонна макарон өнімдері, 10 тонна қант, 0,5 тонна тұз, 7 тонна балық, 2 тонна бал және 80 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар.

Жәрмеңкеде ұсынылатын тауар бағалары нарық бағасынан 8-20 пайызға төмен болады деп күтілуде. Сондай-ақ, бұл күндері өңіріміздің дүлділ өнерпаздары ақтөбеліктерге  концерттік бағдарламаларын ұсынады.

Өңіраралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылған іссапарды облыс әкімі К. Көкірекбаевтың өзі бастап барады. Екі күндік жұмыс сапары барысында қос облыс арасындағы тығыз қарым-қатынас орнату, ауыл шаруашылығы, өндіріс, мәдениет салалары бойынша екіжақты меморандумдарға қол қойылады деп күтілуде.

Жамбыл облыс әкімінің Баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x