Жаңа экономикалық саясат табыстылығы– кадрға байланысты

Dalanews 15 нау. 2017 05:00 240

Қазақстанның 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясында ұзақ мерзiмдi басымдықтардың бiрi – кәсiби мемлекеттiк аппаратты құру болып белгiленген. Себебі бiздiң мемлекетiмiздiң алдында тұрған стратегиялықмаңызды мiндеттердiң сапалы iске асырылуы, қай саланың болмасын дамуы көбiнесе мемлекеттiк қызметтің кәсiптiлiгiне негiзделедi.

Қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік қызмет аппаратының кәсіби біліктілігіне, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетіне зор мән берілуде. Оның дәлелі – Елбасымен ұсынылған Ұлт Жоспары «100 нақты қадам» аясында, ағымдағы жылғы 1 қаңтарда күшіне енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдардың және мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің қабылдануы.

Сондай-ақ, Елбасының Жарлығына сәйкес осы заңнамалармен көзделген мақсат-міндеттерді жүзеге асыратын құзіретті орган – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылып, оның аумақтарда Департаменттері жасақталды. Департамент қызметі негізгі төрт бағыттан тұрады – мемлекеттік қызмет өткеру мәселелерін үйлестіру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, мемлекеттік қызмет саласындағы тәртіпті қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру.

Қазіргі таңда, мемлекеттік қызмет саласында жаңадан қабылданған нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес қазақстандық мемлекеттік қызмет саласында көптеген өзгерістер орын алды.

Атап айтсақ, мемлекеттік қызметтің карьералық моделі енгізілді, яғни меритократия қағидатына сәйкес, мемлекеттік қызметке орналасу тек төменгі лауазымдардан басталып, өзін іскерлігі, кәсібилігі жағынан көрсете алған, білімі мен біліктілігін дәлелдей алған лайықты тұлғалар ғана ары қарай жоғары лауазымдарға тағайындалады. Сонымен қатар, «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға конкурстың ішкі және жалпы деген түрлері және мемлекеттік қызметке қабылдаудың 3 этаптық жүйесі, мемлекеттік қызметке алғаш қабылданғандарға 3+3 формуласы бойынша сынақ мерзімі енгізілді.

Еңбекақыны төлеудің жаңа факторлы-балдық жүйесі және «Б» корпусындағы басқарушылық қызметтегі лауазымдарға ротация қарастырылған, мемлекеттік қызметке жеке сектордың және шетел мамандарын тарту жоспарланған. Осының ішінде, бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілер үшін өзекті болып отырған бірнеше жаңалықтарға тоқтала кетсем.

Еңбекақыны төлеудің факторлы-балдық жүйесіне көшу мәселесі бізге не береді, қандай пайдасы бар? Бұл кездесулер, жиындар кезінде жиі қойылатын, әрбір мемлекеттік қызметшінің көкейінде жүрген сауал. Мұндай жүйе АҚШ, Ұлыбритания, Жапония сияқты дамыған елдер мен Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық ұйымдарда енгізілген.

Бұл жүйені енгізу нәтижесінде, бір санаттағы қызметшілерге әр түрлі жалақы төленеді. Мысалға, бірдей мәртебедегі басқарма басшылары әр түрлі жалақы алады. Мұндай жүйені енгізу – еңбекақыны төлеуде әділдік орнатады. Тынбай еңбек еткендердің еңбегі жоғары бағаланбақ.

Келесі мәселе, үміткердің заңнаманы білуіне тестілеуден өтуінің шекті мәні төмендетілді. Яғни, қазіргі кезде үміткер әр заңнан 15 сұрақтан 5-уіне дұрыс жауап беруі қажет. Алайда 1 бағдарлама бойынша жалпы дұрыс жауаптар үлесі 70%, 2 бағдарлама бойынша 60%, 3 бағдарлама бойынша 50% болуы тиіс.

Сондай-ақ, осыған дейін үміткерлер тек заңнамаларды білу деңгейін анықтау бойынша тесттен өтсе, енді үміткерлер жеке қасиеттерін анықтау бойынша да тестілеуден өтеді. «Б» корпусының лауазымына үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу екі бағдарламадан тұрады – біріншісі, басшылық лауазымдарға үміткерлерге арналса, екіншісі, төмен лауазымдарға арналған. Тестілеудің нәтижесі бойынша үміткерлердің бастамашылық, коммуникативтілік, сараптамалық, ұйымдасқандық, стратегиялық ойлану, көшбасшылық, әдептілік, сапаға бағдарлану, тұтынушыға бағдарлану, жемқорлыққа төзбеушілік деген сияқты жеке қасиеттерінің деңгейі анықталады.

Мемлекеттік қызметшілер үшін тағы бір маңызды жаңалық – бұрынғыдай ауысу тәртібімен тағайындау болмайды, барлық тағайындаулар тек конкурстық негізде жүзеге асырылады.

Қазіргі таңда әкімшілік мемлекеттік қызметтің саяси мемлекеттік қызметке байланысты екенін байқамау мүмкін емес. Белгілі бір «қорғаушының» маңайында жерлес, туыстарынан жиналған өз командарлары жасақталып жатады. Мұндай патронат сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызып, білікті кадрлардың одан әрі қызметте өсуіне кедергі жасап жатады.

Сондықтан, әкімшілік мемлекеттік қызметті саяси процестерден, жеке тұлғалардан тәуелсіз, автономды ету қарастырылған. Бірінші институционалдық реформаға сәйкес, мемлекеттік аппараттың автономдылығы министрлер мен жауапты хатшылар арасында құзіреттілікітің нақты бөлінуі арқылы жүзеге асырылуда. Яғни, министрлер саяси басшылық етсе, саясатты, стратегиялық мақсат-міндеттерді, жоспарларды анықтап, Парламентпен заң шығару бағыты бойынша өзара әрекеттестік жасайды. Ал жауапты хатшылар мемлекеттік органға әкімшілік басқару жүргізіп, саяси шешімдердің орындалуына жауапты.

Жаңа «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» Заңның базалық нормалары құқыққорғау органдарына да таралады. 2017 жылдан бастап құқық қорғау қызметіне кандидаттар да үш сатылық іріктеу жүйесінен өтеді.

Мемлекеттік қызметті модернизациялаудың негізгі аспектілері осындай.

Департамент қызметінің тағы бір маңызды бағыты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру.  2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа Заңы күшіне енгені баршаңызға аян. Жаңа Заңның бұрынғы заңнамадан басты айырмашылығы – бүкіл қоғамды, бизнес құрылымдар мен жеке секторды және БАҚ сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жұмылдыру, тарту. Бұрынғы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 12 бабында көрсетілген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары, жаңа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына ауыстырылып, мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтарға жатқызылды.
Жалпылама декларация тапсыру шеңберінде шенеуніктердің өз табыстарын ғана емес, сонымен қатар шығындары туралы  да декларация тапсырады. Алғашқы кезеңде, 2017 жылы декларациялау жүйесіне халықтың біршама дайын бөлігін тарту жоспарланып отыр. Бұларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптарына сәйкес депуттартар, судьялар, мемлекеттік қызметшілер және олардың жұбайлары енеді.

Қызметтік этика мен құқық бұзушылықтардың нормалары мен ережелерінің аражігін ажырату мақсатында тәртіптік жауапкершілік жойылып, енді ол қылмыстық және әкімшілік заңдар призмасы арқылы жүзеге асатын болады. Заңмен қаржылық бақылау сияқты сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар да күшейе түсті.

Атап айтқанда, жалпылама декларация тапсыру шеңберінде шенеуніктердің өз табыстарын ғана емес, сонымен қатар шығындары туралы да декларация тапсырады. Алғашқы кезеңде, 2017 жылы декларациялау жүйесіне халықтың біршама дайын бөлігін тарту жоспарланып отыр. Бұларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптарына сәйкес депуттартар, судьялар, мемлекеттік қызметшілер және олардың жұбайлары енеді. Декларациялаудың екінші кезеңі, 2020 жылы халықтың өзге бөлігін декларациялауға тарту көзделіп отыр.

Аталған Заңға сәйкес Департаментке бірқатар маңызды міндеттер жүктелген. Атап айтсақ, мемлекеттік және жеке секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу, сыбайлас жемқорлық қатерлерін талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру.

Өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, 2015-2025 жылдарға жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратагияның негізі мақсат-міндеттерін жүзеге асыру мақсатында әртүрлі әлеуметтік топтарда семинарлар, кездесулер, ауқымды шаралар өткізіліп, телеарналарда, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет ресурстарда материалдар жарық көрді. Сыбайлас жемқорлық қатерлерін анықтау мақсатында мемлекеттік органдарда және квазимемлекеттік секторда талдау жүргізілді. Биылғы жылы бұл бағыттардағы жұмыстар ары қарай жүйелі түрде жүргізіледі.

2015 жылғы 29 желтоқсанда мемлекеттік қызметшілердің моральдік әдептілік бейнесіне талаптарды арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі бекітілді.

Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Мемлекеттік қызметшінің моральдік бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлінудің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады.

Кодексте мемлекеттік қызметшінің моральдік-этикалық келбетіне қойылатын негізі талаптар, қызметтен тыс уақыттағы және қызметтік қарым-қатынастағы, көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеуімен байланысты мінез-құлық стандарттары нақты көрсетілген.
Мемлекеттік қызметшінің жалпы мінез-құлығына қойылатын талаптарда, ол халықтың бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуы, адал, әділ, қарапайым болуы, үнемі біліктілігін арттыруы, шектеуліктерді қатаң сақтауы, қоғам тарапынан сынға ілікпеуі, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауы, іскерлік әдепті сақтауы, мемлекеттің мүлкін, автокөлік құралдарын қоса алғанда тек қызметтік мақсатта пайдалануы тиіс деп нақты белгіленген.

Мемлекеттік қызметшінің жалпы мінез-құлығына қойылатын талаптарда, ол халықтың бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуы, адал, әділ, қарапайым болуы, үнемі біліктілігін арттыруы, шектеуліктерді қатаң сақтауы, қоғам тарапынан сынға ілікпеуі, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауы, іскерлік әдепті сақтауы, мемлекеттің мүлкін, автокөлік құралдарын қоса алғанда тек қызметтік мақсатта пайдалануы тиіс деп нақты белгіленген.

Кодекстің «Қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарты» атты үшінші бөлімінде, мемлекеттік қызметшілер жұмыстан тыс уақытта қарапайым болуы, қоғамда белгіленген жалпы моральдік-әдептілік нормаларын сақтауы, заңнама талаптарын бұзбауы қажет деп көрсетілген.

Қызметтік қарым-қатынастардағы мінез-құлық стандарттарында әріптестердің бір бірімен қарым-қатынас жасауына, басшылардың қарамағындағы қызметшілермен және төмен тұрған лауазымдағы қызметшілердің басшылармен өзара қарым-қатынасына қойылатын талаптар айқындалған. Яғни, олардың өзара қарым-қатынас жасауы іскерлік негізде жүзеге асырылып, ұжымда әріптестер бір-бірінің ар-намысы мен абыройына зиян келтіретін ақпарат таратпаулары тиіс делінсе, басшы қол астындағы қызметшілер үшін барлық адамгершілік қасиеттердің үлгісіне айналуы, оларға қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекелік, қадір-қасиеттерін қорлауға жол бермеуі және қызметтен тыс мәселелерін шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауы тиіс делінген.

Сонымен қатар, қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін – әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы енгізілді.

Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің, ҚР «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі туралы» Заңының талаптарын сақтауын қадағалау және сол салада мемлекеттік қызметшілер жол берген заңбұзушылықтар бойынша тексеру жұмыстарын жүргізу мақсатында Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері Департаментінде әдеп жөніндегі кеңес құрылды.

Мемлекеттік қызмет саласында жүргізіліп жатқан реформалар – Қазақстан дамуының бір-бір кепілі. Өйткені, жаңа экономикалық саясат табыстылығының басты шарты – ол кадрлар құрамының нығайтылуына тікелей байланысты. Сондықтан мемлекеттік қызмет саласын дамыту бойынша жұмыстар Тәуелсіздік алғаннан бері мақсатты түрде жүргізіліп келеді және ары қарай да жүйелі түрде жалғасын таппақ.

 

Бахтияр КАМАЛОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы – әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x