Сағадиев Алматыда зиялылармен кездесті

Dalanews 14 нау. 2017 12:37 368

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Алматыда бір топ зиялы қауыммен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Кездесу барысында министр жұртшылықты алаңдатқан сауал - мамандықтар жіктеуішіне (классификаторы) тоқталды. Бұл құжат 2011 жылдан бастап талқыға түсіп жатқанын еске салған Ерлан Сағадиев министрлік маңызды құжаттарды көпшілік талқысына салмай енгізбейтінін айтты. Сондай-ақ бұл сауал ЖОО ректорлары кеңесінде талқыланып жатқанын атап өтті», – дейді баспасөз өкілдері.

Тағы бір аса маңызды сұрақ, бұл – 11-сынып оқушыларын химия, физика, биология пәндерін ағылшын тілінде оқыту. «Бұл мәселені талқылауға болады» деген министр академик ғалымдар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, филология ғылымының докторы Серік Қирабаев пен география ғылымының докторы, профессор Әлия Бейсеновамен кездескенін, сонда осы сұрақты талқыға салғандарын айтқан.

– Әлемде техникалық ғылым бір тілге келіп жатыр. Өздеріңіз жақсы білесіздер, бұрынырақта Неміс классикалық Атом мектебі, Француз ұлттық химия мектебі, Орыс ядролық мектебі болды. Қазір олар жоқ. Германияда техникалық салаға гранттарды ағылшын тілінде қабылдайды, – деген Ерлан Сағадиев күні кеше педагогикалық ұжыммен кездескенін, сонда оқушыларды жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқыту мәселесіне тоқталғандарын айтады.

– Таяуда Алматы, Шымкент, Талдықорғанда мектеп директорлары мен мұғалімдермен кездескенде оларға ата-ана баласын жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытқысы келмесе, өзі шешсін деген сұрақты қойған болатынбыз, алайда, олардың басым көпшілігі бұлай етуге болмайтынын айтады. Педагогтардың сөзінше, бұлай болатын болса, оқушылар арасында өзара бөліну болуы мүмкін. Талантты не талантсыз деген сөздер туындауы ықтимал. Сол себепті де барлығына бірдей оқытқан жөн. Оның үстіне ата-аналардың 80 пайызы балаларының ағылшын тілінде білім алуын қалайды. Ата-аналардың, ұстаздардың пікірлеріне, ұлттық бағдарламаға жүгініп отырмыз. Ештеңені ойдан құрастырып отырған жоқпыз. Бағдарлама 2019 жылдан басталады. Оған дейін барлығын бақылауда ұстаймыз. Егер басқа да пікірлер болатын болса, ашық талқылауға дайынбыз. Мүмкін Ұлттық ғылым академиясы жанынан осындай қоғамдық сұрақтарды талқылау үшін орган құрармыз, – дейді Білім және ғылым министрі.



Сондай-ақ кездесу барысында бұдан өзге де мәселелер ортаға салынып, ғалымдар сөз сөйледі. Өмірдің өзі қажет етіп отырған – оқушыларға үш тілде білім беруде, ең бастысы, қазақ тіліне басымдық берілетіні айтылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x