«Оңтүстік өнімі» несие алуға ниетті кəсіпкерлерді қолдайды

Dalanews 10 нау. 2017 14:51 207

Отандық кәсіпкерлерге қаржылай қолдау білдіруде екінші деңгейлі банктер де белсенділік танытуы керек.   Ол үшін қаржы ұйымдары  несие беру шарттарына түзетулер енгізіп, кәсіпкерлерге дер кезінде көмек қолын созуы тиіс. Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ–ның басқарма төрағасы Абай Сарқұловпен  кездесуінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев  мәлім етті. 

Облысымыздағы бірқатар қаржы институтарының өкілдері де  қатысқан басқосуда «Оңтүстік өнімі» бағдарламасының жүзеге асу барысы  талқыланды.  Еске салар болсақ,  Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қорының арасында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ортақ меморандум түзіліп, келісім негізінде қос тарап 500 млн. тенгеден жалпы соммасы 1 млрд. тенгені Шымкенттегі 4 банктің есебіне аударған еді. Алайда 8,5 пайызбен берілетін қаржыны үлестіру ісінде түйткілдер туындап отыр. Атап айтсақ, аймақтық үйлестіру кеңесінің  сараптауынан өткен кәсіпкерлер ғана аталған несиеге қол жеткізе алады. Шарт бойынша осыған дейін жеңілдетілген несиені индустриалық аумақта өнім өндіретін белгілі бір кәсіппен айналысатын кәсіпорындар ғана алуға мүмкіндік жасалған болатын.

Жиында екінші деңгейлі банк басшылары несие берудің шарттарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу  ұсынылды. Әйтпеген жағдайда отандық тауар өндірушілер несиелік қаржыға қол жеткізе алмайды. Осы мәселені ескерткен аумақ басшысы несие үлестірудің тетіктерін бірге талқылауға кеңес берді.

«Оңтүстік өнімі» бағдарламасы кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуін қамтамасыз етуі тиіс.Несие алуға ниет білдірген кәсіпкерлер тізімін кеңейту керек. Бұл ретте екінші деңгейлі банктерге басымдық беріліп отыр. Сондықтан несие беру шарттарын жеңілдеткен дұрыс», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жиын барысында екінші деңгейлі банктердің қазіргі талаптары да жан-жақты талқыланды. Жасыратыны жоқ, бүгінде халық өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында екінші деңгейдегі банктердің несиелерін жиі қолданады. Бірақ, несие алушылар несие алған кезде тек сыйақы мөлшерлемесіне ғана мән береді, ал несие алумен байланысты банктің сыйақысы бар екендігін ескермей жатады. Осы түйткілдер орын алмас үшін халық арасында банктердегі несие беру шарттары кеңінен насихатталу керектігі айтылды.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x