Оқу үлгерімі төмен болған «Болашақ» түлегі 25 млн. теңгені қайтаратын болды

Dalanews 02 нау. 2017 02:51 279

Астана қаласының соты «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелге оқуға кеткен студентке 25 миллион теңге айыппұл салды деп хабарлайды соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап NUR.KZ.

Соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, 2009 жылы шетелде кадр дайындау бойынша республикалық комиссияның шешімімен студентке «құрылыс және архитектура» мамандығын Ұлыбританияда оқу үшін «Болашақ» стипендиясы тағайындалған.

Студент пен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ арасында оқуды ұйымдастыру туралы келісім жасалған. Ал өз кезегінде студенттің академиялық үлгерімі төрттік бағадан төмен болмауы тиіс еді.

Бірақ оқу кезінде жауапкер үлгерім туралы талапты орындамай, келісімшартты бұзған. Сөйтіп «Болашақ» стипендиясынан айырылды. Қазір оған шетелде оқуға жұмсалған шығынды өтеуді міндеттеп отыр.

«Астана қаласы Алматы аудандық сотының шешімімен "С" есімді азаматтан «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның есебіне 25 675 842 теңге өндірілді», - деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.

Шешім заңды күшіне енген.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x