Сәпиев Тінікеевтің орнын басты

Dalanews 01 нау. 2017 16:53 296

Күні кеше ғана депутат атанған Серік Сәпиев Мәжілістің пленарлық отырысына қатысты. Сәйкестік дейміз бе, әйтеуір Олимпиада чемпионының бірінші жұмыс күнінде дене шынықтыру және спорт туралы мәселе қаралды. Жаңа депутатты әріптестеріне таныстырған спикер Нұрлан Нығматулин, Мәжілісті рингпен шатастырмау керектігін де ескертті. Бәлкім, 2 ай бұрын біреуді ұрған видеосы үшін мандатынан айрылған Тінікеевтің креслосына отырғанын меңзеген болар.

Депутаттық төсбелгі таққан Олимпиада чемпионы отырыс басталғанға дейін басты кейіпкер болғаны анық. Су жаңа әріптестері кезек-кезек құттықтап, естелікке суретке де түсіп жатты.
Серік Сәпиев деп жазылған 35 номерлі орын көзге оттай басылды. Олай дейтініміз, жаңа жылға дейін бұл креслода Мұхтар Тінікеев отырып келген болатын. Табаны күректей 14 жылдай Мәжілісте депутат болған М.Тінікеев мырза, мәслихат депутатын ұрған видеосы үшін дауға қалған еді. Артынша мандатынан да айрылды.

Өз кезегінде Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Серік Сәпиевтің бірінші талқылайтын заң жобасы спортқа байланысты екендігін де атап өтті. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл құжаттың басты ерекшелігі – бұрынғыдай футбол сынды белгілі бір спорт түріне ғана миллиондап қаржы бөлінбейтінін айтты.

– Бокс, күрестен басқа әр өңірдің ерекшелігіне қарап, біздің Қазақстанға тән емес спорттың түрлерін біз дамытуымыз керек, – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бұдан кейін депутаттар өз ұсыныстарын айтты. Азат Перуашев былтырғы допинг дауларын еске салып, Олимпиада жүлдегер болып, миллиондап сыйақы алғандар допингпен ұсталса, барлық сыйлықтарын қайтаруын және бұл істе жауапкершілікті күшейтуді көтерді.

Өз кезегінде министр мұндай толықтыруды енгізуіміз мүмкін екенін алға тартты. Ал, жаңа ғана депутат атанған Серік Сәпиев бұл тұрғыда әріптестерімен келіспейтінін айтты.

 

Дереккөзі: 31 арна

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x