Back
| DalaNews

Reina клубына шабуыл жасады деген күдікті кінәсін мойындады

Өзбекстан азаматы Абдулқадыр Машарипов кінәсін мойындады, деп хабарлады Стамбул губернаторы Васип Шахинге сілтеме жасаған “Хюрриет Дейли” басылымы. Машариповты түрік полициясы 1 қаңтарда стамбулдық Reina түнгі клубында террорлық шабуыл жасады деген күдікпен ұстаған болатын.

Губернатордың айтуынша, ол Ауғанстанда дайындықтан өткен, “Ислам мемлекеті” террорлық тобы атынан әрекет еткен.

Абдулқадыр Машариповтың ұсталғаны туралы дүйсенбі күні таңертең белгілі болды. Түрік баспасөзінің хабарлауынша, оны стамбулдық Эсеньюрт ауданында қолға түсірген. Бір күн бұрын полиция күдікті тоқтаған пәтерден 150 мың доллар тапқан еді. Ол Стамбулға шабуылдан екі апта бұрын келген.

Ресми емес мәліметтер бойынша, Машарипов Түркияға 2016 жылдың басында әйелі мен екі баласымен көшіп келіп, Конья қаласында пәтер жалдап тұрған. 15 желтоқсанда ол Стамбулға террорлық шабуыл жасау үшін барған.

Жаңа жыл түні ол клубқа таксимен келген, клубқа жартылай автоматты винтовка алып кіріп, адамдарды ата бастаған. Шабуылдан 39 адам қаза тапты, 65-і жараланды. Қаза болғандар арасында сегіз елдің азаматтары бар.