Марк Цукерберг Американы шарлап шықпақ

Dalanews 04 қаң. 2017 06:18 299

«Фейсбук» желісінің негізін қалаған Марк Цукерберг биылғы жылғы жоспарымен бөлісті. Осы жылы әйгілі миллиардер жаңажылдық уәдесін орындау үшін Американың барлық штатында болып шықпақ, деп хабарлайды Baq.kz.

Цукерберг биыл Американы аралап, әр штатта дос-жаран тауып, жаңа адамдармен танысуды мақсат етіп отыр. Өткен Жаңа жылда танымал кәсіпкер қытай тілін меңгеріп, 365 миль жүгіруге уәде берген болатын. Цукерберг сөзінде тұрғанын, берген уәдесінің бәрі орындалғанын айтып сендірді.

Тапсырма шартын орындау үшін Цукерберг тағы 30 штаттта болуы тиіс. Атақты бизнесменді АҚШ-ты, онда тұратын америкалықтарды жақынырақ тануға 2016 жылдың оқиғалары итермелепті.

«Былтырғы жыл оңайға соққан жоқ. Осы уәдемді орындай отырып, мен адамдармен жақынырақ араласып, олардың тұрмысын, қалай өмір сүріп жатқанын көргім келеді. Кім болып және қайда жұмыс істейтіндерін, болашақ туралы не ойлайтынын білгім келеді», - деп жазған Цукерберг өзінің жеке парақшасында.

Интернет-миллиардердің пікірінше, қазір адамзат «тарихтың бетбұрысты сәтінде» тұр.

«Ондаған жылдар бойы жаһандану мен технология біздің еңбегімізді жемісті етіп, бізді бір арнаға тоғыстырды. Біз мұның игілігін көрдік, дей тұрғанмен осының кесірінен көп адамның өмірі қиындай түсті. Қоғамда бөліну пайда болды. Сол себепті біз ойын ережелерін өзгертуіміз керек», - дейді бизнесмен.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x