Дін атын жамылған экстремизмнің алдын алу

Dalanews 28 қар. 2016 03:48 211

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасымен бірлескен «Мегаполис жағдайындағы дін атын жамылған экстремизмнің алдын алу» тақырыбында Алматы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, РЖҒА және ХТҒА академигі, «Интеллект Орда» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерді интеграциялау халықаралық институтының бас директоры Саттар Мәжитов модератор ретінде конференцияның маңыздылығын атап өтті. «Жобаның міндеті – қоғамда  антитеррорлық ұғым қалыптастыру, мегаполис жағдайындағы дін атын жамылған экстремизмнің алдын алу бойынша әдістемелік нұсқау-ұсыныстар даярлау», – деді Саттар Мәжитов.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары А. Қырықбаев: «Республика бойынша тіркелген 18  конфессияның 17-сі Қазақстанның ірі мегаполисі Алматы территориясында өз қызметін жүзеге асырып отыр. Біздің қала халқының 1/3 пайызын 30 жасқа дейінгі жастар құрайды, мұнда Қазақстан студенттерінің 30 пайызы білім алуда. Әсіресе, жастар көбінесе түрлі топтардың ықпалына түсіп жатады. Сондықтан да, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жұмысын күшейтіп, ірі конфессиялармен тығыз байланыс орнатудамыз. Бүгінде мемлекет діни экстремизмнің алдын алу мәселелеріне үлкен мән беруде», – деп атап өтті.

«Осы кезеңге дейін діни тұрақты және діни мәселелерден тыс аумақ ретінде саналып келген Қазақстан бүгінде бүлдіруші сипаттағы күштердің әсерінен қиын кезеңді бастан өткеруде. Қазіргі кезде жас ұрпақ бойында экстремистік қызметке тарту әрекеттері мен насихаттарына қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастыру – мемлекет пен қоғам алдындағы ерекше маңызды міндет. Бұл үдерісте жоғары оқу орындарының атқарар рөлі зор», – деді өз сөзінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева.

Қорыта келгенде, сарапшылар конструктивті тұжырымның қажеттігі  және дінтануды оқыту ,жастардың діни мәдениетін арттыру мен олармен профилактикалық жұмыс жасаудың тәсілі мен тиімділігі, мемлекеттік-діни қатынас саласында қоғамға керек ғылыми зерттеулер жүргізу ұсынысы жөнінде бірауыздан келісімге келді. Бұл талаптар мен міндеттерді іске асыру діни экстремизмнің алдын алу, қоғамды біріктіру және Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін күшейту жөніндегі ортақ жұмыстардың алға басуына ықпал етеді.

Конференцияға  Алматы қаласы Дін істері басқармасының төрағасы Айдар Есенбеков, ҚР БҒМ ҒК Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі  Әбсаттар қажы Дербісәлі,  Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Есмағанбет, Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуроры Бауыржан Жұмақанов қатысты. Сонымен қатар, шараға отандық және шетелдік  сарапшылар, діни бірлестіктер мен ҮЕҰ және ұлттық мәдени орталықтар және БАҚ өкілдері, арнайы және құқық қорғау органдарының ардагерлері мен қызметкерлері атсалысты.

Шара аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылып, «Қазіргі заман діні» тақырыбындағы кітаптың таныстырылымы және «Салауат» ҚБ білім беру-мәдени орталығы ұсынған «Антитеррор – мемлекет пен қоғам міндеті» тақырыбындағы деректі фильмнің көрсетілімі орын алды. Сондай-ақ,  «Ислам» және «Христиан» секциялары жұмыс істеді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Корпоративті БАҚ және қоғаммен байланыс басқармасы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x