Болат Бақауов аудан әкімдерінің жұмысын сынға алды

Dalanews 28 қар. 2016 02:53 191

Қашыр ауданының Федоровка ауылында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың төрағалығымен өткен көшпелі жиында тірек ауылдарды дамыту мәселелері қаралды.  Жиында Ақсу қаласының ауылдық аймағында, Қашыр, Баянауыл аудандарында орналасқан тірек елді мекендерді дамтудың жоспарлары таныстырылды. Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Федоровка ауылының Мәдениет үйінде өткен кездесуде Қашыр ауданының әкімі Шұғаев Жанат алғашқы болып сөз кезегін алды. Ол келесі жылы Байқоныс ауылында  ас тұзы өндірілетіні туралы хабарлады. Қазіргі кезде 2016-2017 жылдары бұл жобаға 375 миллион теңге құюға әзір инвестор бар. Ол ас тұзын өндіруге қажетті құны 75 миллион теңге тұратын құрал-жабдықтар сатып алуды бастап кетті.

– Жер қойнауын пайдалану бойынша келісімшарт жасау жұмыстары 24 айдың ішінде жүргізілуі тиіс. Алайда, инвестор бұл жұмысты 12 айдың ішінде аяқтауды жоспарлап отыр, – деді аудан басшысы. – Жобаның болашағы бар. 2017 жылы инвестор тұз өндіруді бастайды деп ойлаймын». Болат Бақауов әр тірек ауылда ауыл құрушы кәсіпорын болуы керек екендігін атап өтті. «Әрине, біз тірек елді мекендерді дамытуға бюджеттен қаржы бөліп, олардың инфрақұрылымын жақсартумен айналысамыз. Бірақ, бұл шаралар негізгі жұмыстың тек 10 пайызын ғана құрайды. Ең бастысы – әр тірек ауылда тұрғындарды жұмыспен қамтып, бюджетке салық төлеуге қауқарлы кәсіпорын болуы керек, – деді.

Жиын барысында облыс әкімі жергілікті атқарушы органдар тірек ауылдарды дамыту жұмысына селқос қарайтынын атап өтті. Мәселен, Железин ауданындағы Башмачное ауылында жер асты суларын іздеу жұмыстары тым кеш басталған. «700 адам өмір сүретін Башмачное ауылын сумен қамтуды кейінге қалдырып, Крупское ауылы сияқты 200 адам тұратын кішкентай ауылдарда су іздеу жұмыстарын жүргізгендеріңізге жол болсын, – деді Болат Бақауов. – Аудан әкімі де, ауыл әкімі де бірінші күн жұмыс істеп отырған жоқ, мәселенің мән-жайын білулері керек».   Сонымен қатар, аймақ басшысы аудан әкімдеріне жолдарды қардан дер кезінде тазалап, бос тұрған жерлерді ауыл шаруашылық айналымына енгізу жөнінде тапсырма берді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x