Полицейлер қырғыз көліктеріне тағы да шүйлікті

Dalanews 25 қар. 2016 04:00 229

Алматы облысында тәртіп сақшылары қырғыз нөмірлі автокөліктерді жаппай айып тұрағына қамап жатыр. Әкімшілік кодексті негізге алған полицейлер Қазақстанда тіркеуде жоқ көліктерді енді біржола елден шығаруға шындап кіріскен. Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Төленбеген айыппұл көлемі бойынша екінші орында тұрған Алматы облысының тәртіп сақшылары көлік жүргізушілеріне шүйлікті. Прокуратура қызметкерлерімен бірлесе жол бойына шыққан полицейлер заңды өрескел бұзған мен айыппұлы жиналғандарды анықтап, қырғыз көліктерін жаппай тұраққа қойды.

– Енді естіп жатырмыз болмайтынын. Тек қырғыз азаматы айдау керек екенін. Енді қырғыз көлігімен жүрмейтін боламыз, – дейді жүргізушілердің бірі.

«Борышкер» арнайы шарасына білек сыбана кіріскен полицейлер жол ережесін елемейтін ондаған жүргізушіге хаттама толтырып, көліктерін тұраққа тоғытты. Қырғыз көлігін тізгіндегендер алғашында Қазақстан аумағында заңсыз жүргендерін мойындағысы келмеді.

«Жүргізіліп жатқан «Борышкер» шарасы бір күндік жұмыс емес, күнделікті жүргізіле береді. Тек Жамбыл ауданы емес, бүкіл Алматы облысы бойынша. Сондықтан жүргізушілерге қосымша ескертіп жатырмыз», – деді Жамбыл аудандық ІІБ басшысының орынбасары Алмат Рақымбаев.

Бір сағатта мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ 3 көлік пен мүлдем құжаты жоқ төрт көлік анықталды. Ал қырғыз нөмірлі 7 көліктің жүргізушілеріне хаттама толтырылды. Қазақстанда заңсыз жүрген көрші елдің көліктерін қыспаққа алу жалғаса бермек.

 

Дереккөзі: stan.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x