МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ 5 РЕФОРМАСЫ

Dalanews 10 қар. 2016 15:56 426

Барша қазақстандықтардың 62 тамырына қан теуіп, рухын көтеретін, қазақ халқының дана халық екендігін әлемге паш ететін, жүрегімізге жылы, қонымды да жақын болған жаңа идея ол – Мәңгілік ел идеясы.

«Қазақстан-2050» бағдарламасындағы Елбасымыздың сөзімен айтар болсақ, «болашағымыздың бағдаршамы, ұлтты ұйыстырып ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – мәңгілік ел идеясы». Мемлекет басшысы оны жай ғана айтып отырған жоқ. Татулықты, ішкі тұрақтылықты қалыптастыруды, елімізді мекен етіп жатқан өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарауды меңзеп отыр.

Мәңгілік ел құндылықтары еңбексүйгіштікке, адалдыққа, отаншылдыққа, патриотизмге, ұлттық салт-дәстүрлерімізді үлгі етуге баулиды.

Ел дегеніміз – қасиетті ұлы ұғым. Ол халық болып құралу, мемлекет құра алу. Дербес болып тұра алу. Осының бәрі ел болудың белестері.

Ал, Мәңгілік ел болу дегеніміз – ешқашанда бөгденің бодандығына түспейтін, халықтығын, ұлттығын, елдігі мен мемлекеттігін әрқашанда әспеттейтін, бар заманда ұлы мен қызының бағы басында тұратын, барша халқының бақыты баянды болатын ел құру – мәңгілік ел дегенді білдіреді.

Құт қонып, Қыдыр дарыған қазақ жерінің дарынды перзенті Сұлтанмахмұт Торайғыров «Алаш ұраны» атты өлеңінде:

«Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз,

Енді Алашты ешкімнің қорлығына бермейміз», – деп жырлағанда дәл осы кезеңді армандаған шығар, бәлкім.

Мәңгілік ел әрбір азаматымыздың отаншылдық сезімін еселеп, қазақ елінің азаматымын деген жауапкершілікті жүктеп, бойына мақтаныш дарытады. Елбасымыздың «ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болады. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйтқысы ете білгеніміз жөн» деген ойы бізді жігерлендіреді. Баршамызды мазалайтын тіл турасындағы сауалдардың жауабы: Мәңгілік ел идеясының үлкен бір арқауы мемлекеттік тілді дамытуда жатқанын жақсы білуіміз керек.

Себебі: тілі өркендемеген ел ешқашан ұлттық мемлекет болып салтанат құра алмайды. Тіл бірлігі болмаса не мемлекет, не тәуелсіздік баянды болмайды. Тарихи отанына деген сүйіспеншілігін, мемлекет құраушы ұлтқа деген құрметін қазақ жерін мекен еткен әрбір ұлт-этнос өкілі мемлекеттік тілден бастауы керек. Осы тұрғыдан түсінісу, бір тілде сөйлесу этносты этносқа жақындастырып, тілімізбен бірге салт-дәстүрімізді бойларына сіңірген этнос өкілдері ұлтымызға сіңісіп, жарасымды болады. Мемлекетіміз Мәңгілік Қазақ Елі деп аталса, бүкіл еліміздің, халқымыздың рухы көтерілмей ме?

Ширек ғасырлық тәуелсіздіктің алтын уақытында Қазақ елі Біріккен Ұлттар Ұйымына, оған қарасты барлық халықаралық ұйымдарға мүше болып, адамзаттық проблемалы іс-шаралардың ұйтқысы болып келе жатыр.  Еліміздегі биік межелерге бағытталған тура уақытында орындалатын барлық жасампаз істердің  басында тұрған Елбасының арқасында әлемдік қауымдастықтар қазақ елін танып, қарым-қатынастарын кеңітті.

Тәуелсіздігіміздің алдыңғы жылдарынан бастап елімізде Президентіміздің сындарлы саясатының арқасында этносаяси-руханисаяси және ұлттық реформалардың дұрыс жүргізілуіне байланысты ұлтаралық татулық тұрақтанды. Қазақ халқының дархандығы мен кең пейілдігінің арқасында және түрлі ұлт өкілдерінің өзара түсіністікте бір мақсатқа жұмылып, ынтымақтың ошағын жағып отыруы әлем сахнасында Қазақстан беделін арттыра түсті. Ел Президентінің ұлттар арасындағы татулықты жарастырған кемел саясаты әлемдік қауымдастықта жоғары бағаланып, береке басы – бірлік ұранын ұстанатын Қазақстан – «Бейбітшілік бесігі» деген атқа ие болды. 

Тарихтың тағдырлы кезеңінде тарам-тарам боп босып кеткен қазақ халқын атамекеніне жинап, тоғыстырған көрегенділік те Елбасымыздан бастау алды.

Егер тәуелсіздігіміздің тарих шежіресін парақтасақ, сындарлы жылдар мен күрделі кезеңдерде Мемлекет басшысының сарабдал басқару жолы елімізді саяси және халықаралық дағдарыстан абыроймен алып шықты. Шекарамызды шегендеп, қасиетті жерімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстарды темірқазық  қазақ халқының төңірегіне топтастырып, достық пенен ынтымақты ұлтаралық татулықты жарастыра нығайтты. Елордамызда және кең байтақ өлкеміздің әр аумағында кемеңгер көшбасшымыздың тапсырмаларымен жыл сайын дүбірлі, халықаралық, саяси маңызды шаралардың өтіп тұруы еліміздің атын шартарапқа жайды.

Әлемнің ұлы ойшылдарының бірі Вольтердің «Мемлекетті құру үшін бір ғана ұлы адам жеткілікті» деген ойын Елбасымыздың өткен жылдардағы мол тәжірибесі мен жетістіктері айқындап берді.

Ғасырлар қойнауында дербестікті көксеген, бірақ бүгінде тәуелсіз елімнің бақ жұлдызының жанып тұрған сәтті кезіне бүкіл әлем куәгер болып отыр.

Жас қазақ мемлекетінің туып қалыптасуын көзбен көріп, жасампаздыққа құлаш ұрған жолдағы үлкен мақсатты бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алып отырмыз.

Елбасымыздың кемел саясатының негізінде ұлт пенен ұлыстардың бірлік ынтымағының ұйтқысы болған қазақ халқының бауырмалдығының мен мәрттігінің арқасында елімізде атқарылып жатқан жемісті де жеңісті еңбектерді ешкім де жоққа шығара алмайды.

Біз Қазақстан халықтарының достығын еліміздің баға жетпес байлығы деп бағалаймыз, себебі түрлі ұлт өкілдерінің өзара ынтымағы, заң алдындағы теңдігі болмаса, мемлекеттік гүлденуі де болмайды.

Мемлекетіміздің бүгінгі шыққан биігінде, әлем елдері алдындағы беделінің өсуінде, сөз жоқ, өзге ұлт өкілдерінің де үлесі шексіз. Мұны Елбасымыз: «Біздің тәуелсіздігіміздің тарихы – бұл барлық этностар достығының жылнамасы. Біздің елімізді өркендетуге Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностық топтардың өкілдері атсалысып келеді», – деп атап өткен-ді.

Елбасымыз республика бойынша ең қуатты саяси күш «НұрОтан» партиясының кезекті съезінде Мәңгілік ел болып қалудың, үздіксіз ілгерілеудің  5 реформасын ұсынған болатын. Сөз жоқ, Қазақстан Тәуелсіздік жылдары ішінде сарабдал көшбасшысының арқасында әлеуметтік-экономикалық, саяси және әкімшілік реформалардың ауқымды жолын еңсергені белгілі. Бірақ та жетістікке желігіп, тоқмейілсіп тоқтап қалуға болмайды. Президентіміз ұсынған 5 реформа локомотив іспетті барлық мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуын қамтамасыз етуде. Әрбір реформаға қысқаша тоқталып өтелік.

Ең бірінші реформа негізінде Елбасы мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделін қалыптастырды. «А» және «Б» корпус­тары түзілді. Мемлекеттік қызметте өсетін әрбір басшы төмен­нен бастап, барлық басқарушылық сатыларын басып өтуі тиістігі бекітілді. Бұдан бөлек, кемеңгер басшымыз этникалық тегіне, қоғамдық-әлеуметтік орнына қарамастан, барлық талапты, дарынды, мақсатты адамдарды мемлекеттік қызметке тарту туралы тапсырма берді.

Екінші реформа – Қазақстан Республикасының барлық заңының шынайы түрде қызмет атқаруына бағытталды. Жемқорлық пен жабық келісімдер, шешімдер шығара салу қоғамды іштей ірітетіні бесенеден белгілі. Сот жүйесінің әлсіз тұстарының барлығын күшейтуге арналған бұл реформа тұтастай республика халқының тыныш та, бейбіт өмір сүруінің кепілі болмақ.

Үшінші реформа – елімізді дамыған елдердің қатарына қосатын маңызды фактор – мықты экономикамыздың болуына арналды. Индустрияландыру, өңдеуші сектор, аграрлық сектор, инвестиция тарту, экспортқа тауарлар шығару салаларына мемлекеттік қолдау жасалатыны нақтыланды. Түйіндей айтсақ, үшінші реформа экономиканы әртараптандыруға бағытталып отыр. Бүгінде осы реформа негізінде атқарылған жұмыстар бойынша тиісті мекемелер қолға алған жобалары бойынша халық алдында есеп беріп жатқанынан хабардармыз.

Төртінші реформа – біртектілік пен бірлік яғни, бірыңғай болашақ ұлтын қалыптастыру. Шындығында, бүгінгідей тұрақсыз саяси күштердің оспадар әрекеттерінен туындап жатқан небір құйтырқы жағдайларда ұлттық ынтымақ пен қоғамдық келісімді сақтау саясаты ерекше маңызға ие. Алыстан болжайтын Елбасымыз осы бағытта Қазақстанның халықаралық деңгейде  мойындалған өзіндік үлгісін қалыптастырды. Ортақ отаны – Қазақстан болған барша ұлт пен ұлыс өкілдері осы реформа негізінде ынтымақ пен жарасымдықтарын одан сайын берік ете түсері айдай ақиқат. Мемлекет басшысының өз сөзімен айтсақ: «Барлық азаматтар құқықтың бірдей көлемін пайдаланатын, бірдей жауапкершілік жүгін арқалайтын және тең мүмкіндіктерді иеленетін болады». Елбасы ұсынған біртектілік пен бірлікке үндейтін реформаны жүзеге асыру мақсатында қоғамдық институттар мемлекеттік және жергілікті органдар ұлттар мен ұлыстар арасында тілдік бөлінушілікке наным-сенімге қатысты жіктелулерге жол бермейтін біртұтас ұлттық идеологияны насихаттауға қатысты тығыз жұмыстар атқарып жатыр.

Бұл идеяны өміршең еткен – елдің бірлігі. Бірлік болмаған ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде береке болмайды. Елдегі татулық пен тұрақтылықты сақтап, баянды етуіміз үшін әрқайсымыз оған үлес қосуымыз керек. Елбасымыз Н.Назарбаев «Ғасырлар күтіп, әзер қол жеткен азаттықтан айырылып қалмау үшін ішкі татулықты да, сыртқы татулықты да көздің қарашығындай сақтау білу керек» деген еді бір сөзінде.

Жалпыхалықтық реформаның бесіншісі – транспарентті және халыққа есеп беретін мемлекетті құру. Мемлекеттің қуаты мен күштілігі халықтың еңбегімен құралады. Сондықтан мемлекет тарапынан орындалып жатқан ауқымды, игілікті істердің барлығының есебі анық көрініп тұруы керек. Халықаралық стандарттар, әлемнің дамыған 30 елі кіретін экономикалық даму ұйымына мүше елдердің стандарттары негізінде жасалып отырған реформа жариялылық пен ашықтықты басты нысанаға алып отыр.

[caption id="attachment_21370" align="alignright" width="330"]%d0%b8%d0%b7%d0%be%d0%b1%d1%80%d0%b0%d0%b6%d0%b5%d0%bd%d0%b8%d0%b5-002 Қазақбай Қасымов[/caption]

Қазіргі күнде Елбасы ұсынған бесінші реформаның негізінде Қазақстан қоғамының барлық саласы кезең-кезеңмен біртіндеп, халық алдындағы жариялылыққа бейімделіп жатыр. «Қуатты мемлекет қалыптастырып, либералды дамыған қоғам құру үшін елдің 40-50 жылды қамтитын тұрақты алға жылжуы қажет. Біз де соған бара жатырмыз. Мен ұсынған шаралар Қазақстандағы қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертеді» деген әлемдік саясат сахнасында мол тәжірибесі бар Мемлекет басшысының жоспары көп күттірмей оң нәтижелерін көрсетері анық.

Мақсатқа қол жеткізу үшін ҚР Президенті жанынан бес бағыттағы реформамен түбегейлі айналысатын Модернизация жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, әр реформаның тиісті мекемелер бойынша  жүзеге асырылуы жіті қадағалануда. Себебі, әлемдік дамыған елдердің барлығы да даму жолын айқындап алып, ішкі-сыртқы жағдайларға түбегейлі реформа жасағаннан кейін ғана дамудың даңғыл жолына түскен. Елбасы ұсынған реформалар тәуелсіз еліміздің тәуекелді өткелі болып, қуатты мемлекетке айналуымызға, Мәңгілік ел болып қалуымызға алғышарт болып табылады. Түйіндей айтсақ, Елбасымыз ұсынған тарихи 5 реформа жаһандық түйткілді жайттардан шығатын қазақстандық модель.

Бүгінгі біздің басты парызымыз – Алаш қайраткерлерінің армандаған Мәңгілік ел мұратын жас ұрпаққа насихаттау.

Қасық қаны қалғанша шайқасып, атамекенінің сынық сүйем жерін дұшпанға бастырмай, кеудесімен қорғаған батыр бабаларымыздың, қаһарман хандарымыздың, елдің бірлігін даналығымен ұйытқан би-шешендеріміздің ерлік істерін жастарға үлгі ету.

Сонау сақ-ғұн, түркі бабаларымыздың дәуірінен жеткен алтын аңыздарымен әшекейленген қазақ елінің елтаңбасын, көк туын, ән ұранын ұлықтау.

Қазақстанның кең байтақ шекара шебін кірпік қақпай күзетіп тұрған ержүрек жауынгерлерімізге жігер беретін, намысын қайрайтын толғаулар мен дастандар жазып, тарих беттерінде қалдыру.

Ал бүгінде халықаралық деңгейде Алаш мақтанышына айналған саяси-мәдени, спорттық ойындар мен әлемдік ауқымдағы басқосулар өтетін, халықаралық үн қатысудың ордасына айналған, мәңгілік қазақ елінің алтын діңгегі ел ордамыз – Астана шаһарының көркі мен келбетін кестелі тілмен зерлеп, жас ұрпақтың бойына дарыту болып табылады.

Елбасымыз «Мәңгілік ел» жаңа қазақстандық патриотизм» деп ерекше атап көрсетті. Осы тұрғыдан әрқайсысымыз Қазақстан республикасының азаматы деген атты ардақтата биік ұстап, мәңгілік қазақ елінің өркендеуіне лайықты үлес қосайық.

«Мәңгілік ел» байыбына барғанда шынында да ұлы мақсат. Мәңгілік Қазақ еліне көз алартып, қызғанышпен қарайтын жат пиғылдардан елімізді қорғау басты парызымыз. Бүгінде жаһан ғалымдары мәртебелі қазақ халқының басқа ұлт этнос өкілдерімен бейбіт өмір сүретін ерекше қасиетін толеранттықтың яғни, төзімділіктің феномені ретінде әлем халқына үлгі-өнеге етіп келеді. Болмыс бітімінде әлеумет сүйсінетін қасиеттері мол бұл халықтың дарындылар мен даналарды данышпандар мен ұлыларды көсемдерді туғызған жомарт қазақ халқының ақыл-ой біліміне орасан зор биік қабілеті мен талғамына, парасаты мен талантына сенемін. Бар потенциалын әлі алмаған, болашақта алатын қазақ халқы мәңгілік ел аясында әлі талай асуларды асып, талай белестерді бағындыратын, қайраты сарқылмас қуатына, қайсар рухына сенемін.

Бүгінде Қазақстан халықтар достығының символына айналған әлемнің ірі тұлғасы президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемел саясатынан туындаған «Қазақстан-2050» стратегиясында мәңгілік елге бастайтын мәртебелі де, абыройлы жолдың іргесін қаланып отыр.

Қазір қарқынды түрде жүзеге асырылып жатқан 5 реформа мен оны жүзеге асырудың 100 қарышты қадамы барша қазақ жерін мекендеген ұлт пен ұлыс өкілдеріне қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш өмір, білімді келешек, бәсекеге қабілетті іскерлікті қамтамасыз етеді.

Елбасымыз бекіткен Ұлт жоспарын жүзеге асыру арқылы әр азаматтың отаншылдық сезімін еселеп және мемлекетіміздің барлық құрылымдық салаларын түбегейлі өзгертіп, ынтымаққа ұйыған, шыншыл да ашық қоғам құрып, Мәңгілік ел болудың даңғыл жолына түсетініміз сөзсіз. Ең бастысы, бүгіннен де нұрлы, бүгіннен де кемел болашағы бар мәңгілік қазақ елі өркениетті, дәулетті ел қатарында болып, әлем сахнасында ұлттық мемлекет ретінде салтанат құратынына сенемін. Салтанатымыз баянды болсын, мәңгілік болсын!

Қазақбай Таштемірұлы ҚАСИМОВ


 Қазақстан Халқы


Ассамблеясының мүшесі, философия


ғылымдарының докторы, халықаралық


қауіпсіздік саласының профессоры, академик


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x