Османлы дәуіріндегі сарай киімдері дефилесін тамашалаңыз

Dalanews 22 қаз. 2016 06:40 334

Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі, Астана қаласындағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы мен Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) Астана координаторлығының бірлесе ұйымдастыруымен бауырлас ел Қазақстанның тәуелсіздігінің 25  жылдығына орай 27 қазан күні «Түркия күндері» шарасы аясында «Османлы дәуіріндегі сарай киімдері дефилесі» атты іс-шара өтеді.

Дефиледе Түркияның Адана Қыздар техникалық қол өнер училищесі арнайы дайындаған Османлы дәуірінде сарайда киілген киімдер Астана жұртшылығының назарына ұсынылады. Топтамада Османлы киім үлгілерімен қоса бас киім және сол дәуірдің әшекей бұйымдары да бар. Айта кету керек, аталған топтама бұдан бұрын  Германия, Австрия, АҚШ, Португалия, Татарстан, Грекия, Алжир, Қытай, Голландия сияқты көптеген елдерде үлкен ықыласқа ие болған. Қазақстанда тұңғыш рет көрсетілетін топтама ұжымдық жұмыстың нәтижесі болып табылады.

 

Түрік текстилі Османлы дәуірінде шарықтап дамыды. Адана Қыздар техникалық қол өнер училищесі Османлы киім үлгілерінің дизайны үшін Топкапы және Долмабахче сарайының мұражайларында зерттеулер жүргізген. Кейінірек осы мәліметтер мен ою-өрнектер сол дәуір назарға алына отырып, қазіргі заманға сай жаңартылған. Астана жұртына ұсынылатын топтама осылайша дүниеге келген. Топтама Османлы дәуірі кезінде сарайдағы ханымдар тарапынан киілген киімдердің үлгілері болып табылады.

Барша түркі өнерінің ықылым заманнан бері Орта Азиядан бастау алатыны белгілі. Анадолы жұртына көшкен түрік тайпалары өздерімен бірге осы қасиетті мекеннің өнері мен мәдениетін де ала кеткен. Оны өздері қоныс тепкен аймақтардағы жергілікті ерекщеліктермен толықтырған. Осылайша Анадолы жерінде жаңа түрік өнері мен мәдениеті дүниеге келген. Түріктер кейіннен Исламды қабылдап, осы діннің әсерімен түркі мотивтерінің одан әрі дамуына да үлкен себін тигізген. Түркі және Ислам мотивтері  қолданылған топтамада жалпы 40 киім үлгісі бар.

Астана халқы мен қонақтарын 27 қазанда болатын осы дефилеге күтеміз.

Кіру ақысыз.

Күні:   27 қазан 2016

Өтетін орны:  Астана,  Тұран көшесі № 27, «Portofino» кешені

БАҒДАРЛАМА

19:00 Ашылу рәсімі   19:10 Дефиле  20:00 Фуршет

Байланыс: 8 777 533 91 30

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x