Министрді айыптайтындар неге көп?..

Dalanews 06 қаз. 2016 15:37 169

 

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ірі лауазымға жайғасқалы бері басы даудан арылмай келеді. Ол бұл лауазымға барғанда-ақ жұрт әртүрлі пікір өрбітіп, оның біліктілігі мен қоғамдық беделіне күмәнмен қараған...

Арыстанбек Мұхамедиұлы туралы даулы мәселе соңғы кезде тіпті күшейе түсті. Өзгелер емес, елге беделді актерлер мен режиссерлер бірінен кейін бірі оның ісін сынға алып, «сыбайлас жемқорлыққа» қатысы бар деп айыптап әлек.

 

Жабық жиналыстағы «ашық әңгіме»

[caption id="attachment_20591" align="alignright" width="354"]img_3261_171724840661924 А. Мұхамедиұлы[/caption]

Осыдан бір жыл бұрын «Қазақфильм» киностудиясының басшыларымен жабық кеңес кезінде айтқан Мұхамедиұлының «ашық әңгімесі» ғаламторды дүр сілкінткен болатын. Онда министр «кино мамандарына» жұмсалған қаржының есебін жабу мен алдағы қаржыны қалай жұмсау керектігін өзі «түсіндірген». Мұхамедиұлы онда миллиондаған қаржыны «оңды жаратудың» жолын үйретіп, қаржының сметалық құнын да өзі есептеп берген. Киномамандарының айтқан ұсыныстарына шамырқанған ол: «Тыңдаңдар! Сіздер ешкім емессіздер! Бізге өз шарттарыңды неге тықпалай бересіңдер? Біз бұл мәселені қайта қарастырмаймыз», – деп дүрсе қоя берген. Мұнан сырт, көп дау туғызған «Қазақ елі» сериалына да тоқталып, «қылмыстық іс» қозғауға мүмкіндігі бар екенін ескертеді.

Бұл аудиожазба жарияланысымен, әлеуметтік желілерде түрлі пікір туындаған. «Министрдің өзі мұндай «ашық әңгіме» айтса, өзгелер не істемей жатыр?» деген сұрақтар көптеп қойылып, заң органдары мұны тексеретін шығар деп те үміттенген. Бірақ ешқандай тексеру болған жоқ.

Министрдің өзі кейінірек журналистерге:

«Ол жерде ашық әңгіме болды. Бастысы, бізге түсірілімді жалғастыру қажет еді. Өздеріңіз білесіздер, оған дейін қаржы жұмсалып кетті, фильм тоқтап қалуы мүмкін деп хабарланды. Шын мәнінде, сіздер куә болғандай, ақша кедергімен жіберіліп отырды. Мен, керісінше, техникалық кедергі болмауын, мұның себебі неде екендігін анықтауға тырыстым. Біз осы сұрақты шештік», – деп жауап берді.

Аудиожазбаны мұқият тыңдаған адамдар онда тек қана бір фильм туралы емес, көптеген түйткілді мәселелер айтылғанын, белгісіз сұрақтардың әлі де көп екенін жеткізеді.

 

[caption id="attachment_20594" align="alignleft" width="271"]2222 Т. Жәнібеков[/caption]

«Феникстің» күлі...

Осы жылы жаз мөлшерінде «Феникс» атты фильм түсіруді қолға алған режиссер Талғат Жәнібеков Арыстанбек Мұхамедиұлын фильмді уақтылы аяқтауға кесірін тигізіп отыр әрі «пара сұрады» деп арнайы видеомәлімдеме жасады.

«Біз «Феникс» фильмін Ғарышкерлер күніне жақын аяқтаймыз деп жоспарлаған болатынбыз. Алайда, Арыстанбек Мұхамедиұлы Мәдениет және спорт министрі болғалы бері жоспарымыз іске аспай қалды. Жаңа басшылық біздің картинаны заңсыз қысып тастады. Енді біз әрі қарай жылжи алар емеспіз.

Арыстанбек Мұхамедиұлы халықты күлдіріп, талай былыққа кірді. Бұл жай күлкі емес, күйінішке толы күлкі болып отыр. Көзімізге жас алып күлуімізге тура келіп отыр. Ондай адам мәдениет саласын басқарғаннан кейін бүкіл әлем біз туралы не ойлайды?», - деп ашынған режиссер, бұдан ары «Қазақфильмнің» ұрлыққа қатысы барлар арасында актер, продюсер, «Қазақфильм» продюсерлік орталығының вице-президенті Серік Жұбандықов және министр Арыстанбек Мұхамедиұлы да бар екенін айтады. «Мұхамедиұлының адамдары маған мүлдем келісімімді бере алмайтын сұрақтармен келді. «Жоқ» дегеннен кейін жобамызды тоқтатып тастады», - дейді Жәнібеков.

Бұл да біраз дауға ұласты. Тіпті, Арыстанбек Мұхамедиұлының режиссерді сотқа беретінін мәлімдеп, кейіннен ол райынан қайтқанын адвокаты арқылы ұқтық. Бұл жөнінде министрдің адвокаты: «Талғат Жәнібековтің мәлімдемесі бойынша, тергеу жұмыстары жүргізілді, оның айтқан деректері тексерілді. Дегенмен, министр тарапынан, министрліктің қызметкерлері тарапынан ешқандай заң бұзушылықтар болмағаны анықталды», - деген болатын.

[caption id="attachment_20595" align="alignright" width="382"]1111 Ғ. Мырзашев[/caption]

Осы дау өршіп тұрғанда анимациялық кино қауымдастығының президенті Ғали Мырзашев те киноиндустриясы саласында жемқорлықтың өршіп тұрғанын айтып, жалпақ жұртты тағы да Мұхамедиұлына бұрған. Оның пікірінше, елімізде кино саласы дамуы үшін әуелі парақорлықтан арылуымыз керек. Бүгінгілер одан арылмақ түгіл, тіпті белшесінен батып барады.

Кейін осы дау жөнінде белгілі өнер қайраткері, ҚР Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов та министрдің 150 мың доллар көлемінде ақша сұрағанын мәлімдеп, мұндай заңсыздықтарға төзу қиын екенін жеткізген.

Тұңғышбай Жаманқұловтың айтуынша, «Феникс» қазір орта жолда тоқтап тұр. Мұның бәріне осы сала басшыларының «құлқын» есептері кінәлі...

 

Жаманқұлов тағы бір құпияны жариялады

[caption id="attachment_20596" align="alignleft" width="238"]3333 Т. Жаманқұлов[/caption]

Жуырда тағы да Жаманқұлов белгілі сайттардың біріне сұхбат берді. Онда ол өз үстінен жазылған арыз туралы айта келіп, Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен ерегесі ол Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында ректор болып тұрған кезде басталғанын әңгімелейді. Актердің сөзіне сенсек, Мұхамедиұлы сол кезде мемлекеттен бөлінген гранттарға өзінің тізіміндегі талапкерлерді қабылдауын талап еткен.

«Біздің министрмен текетіресіміз ол ректор болып тұрған кезде басталған. Мен Жүргеновте сабақ беремін. Ол – ректор. Бар болғаны Үкіметтен 12 грант бөлінеді, сол кезде. Арыстанбек мырза барлық 12 грантты өзінің тізімімен жасауға тырысты. Бұл осыдан 4 жыл бұрын болған әңгіме. Мен бұл тізімді орындай алмайтынымды ашық айттым. Сол жерден біздің айқас басталған. Ол кісі маған доқ көрсетті. «Сен менің кім екенімді білмейді екенсің, мен сені жұмыстан шығарып жіберемін» деген сөздер айтылған соң, екеуіміз шекісіп қалдық. Сол текетірес министрдің көңілінде сақталып қалған екен. Содан ол кісі министр бола сала, мына біздің одақтың сьездін өткізіңдер деп бұйрық соқты», – дейді белгілі актер.

Әзірге бұл сұхбат туралы министр тарапынан ешқандай жауап болған жоқ. Бұл сұхбатты сайт оқырмандары әр саққа жүгіртіп жатыр. Бірі министрді ақтаса, екіншілері актерді жақтайды...

 

[caption id="attachment_20601" align="alignleft" width="184"]555 С. Жұбандықов[/caption]

Серік Жұбандықов кім?

Мәдениет министрі туралы даудың көбінде аты қосақталып жүретін Серік Жұбандықов деген «Қазақфильмнің» вице-президенті бар. Министр туралы әр жолғы мәлімдемелер мен шуларда оның есімі қоса жүреді. Белгілі актер әрі продюсер Жұбандықов Арыстанбек Мұхамедиұлының жерлесі әрі сенімді серігі деген сөз бар. Өмірбаянына қарағанда ұзақ жылдардан бері «Қазақфильмде» басшылық қызмет атқарып келеді. Режиссерлердің көбі кино саласындағы «қаржылық қойылымдар» осы кісінің араласуымен іске асатынын айтып жүр. Себебі, ол сонау 1980 жылдардан бері кино саласының негізгі тетігін қолға ұстап отырғандардың бірі көрінеді.

 

Ержанов неге ренжулі?

[caption id="attachment_20597" align="alignright" width="360"]4444 Ә. Ержанов[/caption]

Өткен аптаның ішінде елімізде «Еуразия» кинофестивалі өткені белгілі. Осы кезде белгілі режиссер, фильмдері халықаралық фестивальдерде жүлде алып жүрген талант иесі Әділхан Ержанов оқыс мінез танытты. Оның пікірінше, Серік Жұбандықов фильмді түсіру жұмыстарына бөлінетін 100 миллион теңгенің 80 миллионын «қайтарып беруді» сұрайтын көрінеді. Режиссер мұндай былыққа өзге режиссерлер көнсе де, өзі көне алмайтынын жеткізіп отыр.

Ержановтың мәлімдемесі туралы әлі ешқандай түсініктеме берілген жоқ.

P.S. Біз ешкімді қаралаудан аулақпыз. Айтқымыз келгені, мәдениет саласындағы мұндай дау-дамайдың бұған дейін болмағаны... Министрдің айналасында өрбіген әңгіме тек кино саласымен шектелмейді. Өзге сала мамандарының да айтар уәждері жетерлік. Біз тек бір саланың айналасындағы дау-шарды ғана шетжағалай тізіп шықтық.

Мақала қазақ сайттарында жарияланған материалдар негізінде әзірленді.  

Фарида МҰРАТОВА


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x