Сағынтаев министрлерге шетелге шығуға тыйым салды

Dalanews 14 қыр. 2016 01:11 299

Бақытжан Сағынтаев Премьер-министр ретінде Үкіметтің алғашқы отырысын өткізді. Бұған дейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Министрлер кабинетінің жаңа құрамы бекітілген болатын. Отырыс барысында Б.Сағынтаев министрлерге шетелдік сапарларды қоя тұрып, барлық бастамалады xалыққа түсінікті тілде жеткізуді тапсырды, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.

Отырыс басында Үкімет басшысы Президенттің сенімі үшін өз алғысын білдіріп, Министрлер кабинетінің жаңа құрамын таныстырып шықты.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің құрамын бекітті. Көп отырғандай, көп кадрлық өзгерістер болған жоқ. Мұны Елбасының біздің бәрімізге көрсеткен үлкен сенімі деп қабылдауымыз қажет. Сондықтан Үкімет мүшелерінің атынан және жеке өзімнің атымнан Елбасына көрсетіп отырған қолдауы мен сенімі үшін алғыс айтқым келеді, – деді Б.Сағынтаев.

Осыдан кейін Премьер-министр Президенттің Ақордадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын тағы бір мәрте тәптіштеп шықты.
– Осы тапсырмалар үшін сұраныс қатаң болады. Оның барлығы белгіленген мерзімде және сапалы орындалуы тиіс. Сондықтан бәрімізді қауырт жұмыс күтіп тұр. Елбасымен бірге баратын сапарлар болмаса, бүкіл шетелдік іс-сапарларды жылдың соңына дейін қоя тұру қажет. Аса бір қажеттілік туындай қалса, онда менің жеке өкімім бойынша шығасыздар. Еліміздің өңірлеріне жасайтын сапарларға да келісіп шығасыздар. Сіздер Үкімет тарапынан қандай шешімдер керек, тез арада анықтап, ұсыныс енгізіңіздер. Біз қабылдаған шешімдер қарапайым xалыққа түсінікті болуы тиіс. Біздің кез келген шешімдеріміз жұртшылыққа тез арада жетіп, мақсат-міндеттерді үнемі түсіндіріп отыру қажет, – деп атап көрсетті Б.Сағынтаев.

Бүгінгі отырыс барысында Үкімет мүшелері Ұлттық қордан қосымша 379,9 млрд. көлеміндегі қаржыны бөлуді көздейтін заң жобасын бірауыздан қабылдады. Аталған ақшаны жұмыспен қамту және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге арналған жобаларға жұмсау жоспарланып отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x