Мәсімовтің орнына Сағынтаев жайғасты

Dalanews 09 қыр. 2016 13:03 247

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тағайындалды.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

***

«Б.Ә. Сағынтаевты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қызметіне тағайындау туралы» Жарлық

Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тағайындалсын.

 

Қазақстан Республикасының

              Президенті                                                                      Н.Назарбаев

 

 

Астана, Ақорда, 2016 жылғы 9 қыркүйек

№ 319

 

***

Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев 1963 жылы 13 қазанда Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылында туған.

С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді, экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Алматы халық шаруашылығы институтының саяси экономика кафедрасының оқытушысы болып бастады.

1988-1992 жылдар аралығында С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде жұмыс істеді, ассистент лауазымынан әлеуметтану кафедрасының доцентіне дейінгі еңбек жолынан өтті.

1992 жылдан 1998 жылға дейін кәсіпкерлік қызметпен айналысты.

1998 жылы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

1999 жылдан 2002 жылға дейін Қазақстан Республикасының Шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары лауазымдарында қызмет етті.

2002 жылдан 2004 жылға дейін Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді.

2004 жылдан 2007 жылға дейін - Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігінің төрағасы болды.

2007 жылдан 2008 жылға дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы болды.

2008 жылғы 30 қыркүйекте Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды.

2012 жылдың 20 қаңтарында - Қазақстан  Республикасының  экономикалық даму және  сауда министрі   болып тағайындалды.

2012 жылдың 24 қыркүйегінен бастап - «Нұр-Отан» ХДП  Төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет етті.

2013 жылдың 16 қаңтарында Мемлекет басшысының Жарлығымен  ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму  министрі болып тағайындалды.

2013 жылдың 6 қарашасында Мемлекет басшысының Жарлығымен Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары - ҚР Өңірлік даму министрі қызметінен босатылып, ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары болып тағайындалды.

«Құрмет» орденімен  және мерейтойлық медальдармен  марапатталған.

Табиғи монополиялар саласын мемлекеттік  реттеу,  шағын және орта бизнесті дамыту тақырыптарына арналған  бірқатар  ғылыми жұмыстың авторы.

Еске сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің міндеттерін уақытша атқару Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа жүктелген болатын.

Айта кетейік, кеше ҚР Үкіметінде кадрлық өзгерістер болды. Минстрлер кабинетін басқарған Кәрім Мәсімов ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

Мемлекет басшысының Өкімімен ҚР ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Владимир Жұмақанов Қазақстан Президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x