Айсұлтан Назарбаев игі ісінен жарнама іздемеуді өтінді

Dalanews 22 там. 2016 04:26 180

Айсұлтан Назарбаев Астана билігі Талдыкөлдің мәселесін шеше салысымен қалаға ағаштар аллеясын отырғызатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол өз желі парақшасында айтқан. Бұл жайында nur.kz сайты хабарлады.

"Астана әкімдігінен жақсы жаңалық: Талдыкөлдің мәселесін осы жылдың қыркүйек айына дейін түптамырымен жоюға уәде берілді. Бұл Астананы тұрғындарға ыңғайлы етуде айтарлықтай қадам болмақ. Бәрі ойдағыдай болады деп үміттенемін", –  деп жазды ол.

– Бұл туралы не үшін жазба қалдыруды шештім? Біріншіден, мен бұл қаланы шын сүйемін, екіншіден, мен қашан да әділеттіліктің жағындамын. Сөзім орынды болғанда, әкімдіктің кемшіліктерін бүкпей айттым. Ал бүгінде олар мақтауға лайық болғандықтан, мақтау айтуды жөн санадым, – дейді Айсұлтан.

Ол осы жолы да тек сөздермен шектелмейтінін алға тартты.

"Олардың қателіктеріне іспен жауап қайтаруға әзір екенімді айтқан кездегідей, осы жолы да тек сөзбен шектеліп қалмаймын. Егер олар сөзінде тұрса, алғыс ретінде қалаға ыңғайлы жерде ағаштар аллеясын отырғызуға уәде беремін. Әкімдікке тек орынды таңдап, көрсетсе болғаны. Әрине мамандарды тартамын, дегенмен өзім де белсенді қатысып, қала тұрғындарын сенбілікке шақыратын боламын", – деп сендірді Айсұлтан.

Айсұлтан бұл қадамынан пиарды іздеудің қажеті жоқтығын айтты.

– Бұл тұста пиар іздеп әлек болмаңыздар – ондай ниетім жоқ. Маған ешқандай естелік тақталардың керегі жоқ. Қала оның тұрғындарына тиесілі. Бұл біздің керемет үйіміз және оны жақсартуға әркім мүдделі, – деп ойын түйді ол.

Айта кетсек, Талдыкөлдегі жағымсыз иіс мәселесі бүгінде өзекті болып отыр. Президент Астана әкімін Талдыкөлдің иісі жойылмайтын болса, сол жерде киізүйге тұрғызуға уәде еткен болатын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x