Атырауда пара алған шенеунікке 9 млн. теңге айыппұл салынды

Dalanews 22 там. 2016 03:46 197

Атырау облысының Махамбет аудандық сотында пара алды деп айыпталған Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысына қатысты қылмыстық іс қаралды.

Бұл туралы аталған аудандық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Қылмыстық іс материалдарында көрсетілгендей, Махамбет аудандық әкімдігіне П. есімді азаматтан ауыл шаруашылығы қызметімен айналысу үшін жер алу мақсатында арыз түседі.  Шенеунік фермерге  Таңдай каналы маңында орналасқан 20 гектарлық жер учаскесін ұсынған. Аталған шаруаны тезірек шешу үшін  пысық шенеунік одан 150 000 тенге талап етеді.

Бірақ мемлекет жерді тегін беретінін білген П. сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл Ұлттық бюросы Департаментіне арызданады. Ақшаны беру екі төлем бойынша жүргізілді, алғашқысында 50 000 теңге берілді, кейін бір айдан соң сотталушыны 100 000 теңгені алу кезінде СЖҚҰБ қызметкерлері құрықтады.

Сотта сотталушы мен прокурор арасында кінәні мойындау түріндегі процестік келісім жасақталды.

Сот үкімімен экс-шенеунікке параның алпыс еселенген мөлшерінде, яғни 9 000 000 теңге айыппұл салынды. Онымен қоса, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмірбақи айрылды.

Үкім заңды күшіне енген.

 

Дереккөзі: «Қазақпарат»

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x