Рио-2016: Гүзель Манюрова Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды

Dalanews 19 там. 2016 04:19 171

Рио Олимпиада ойындарында түнде әйелдер күресінен 75 келі салмақтағы қазақстандық балуан Гүзель Манюрова финалда канадалық балуан Эрик Уибеден ұтылып, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.

Осылайша Әділбек Ниязымбетов секілді Манюрова да Олимпиаданың екі рет күміс жүлдегері атанды. Алайда ол бір күмісін Ресей құрамасы қоржынына салған болатын.

Ол Лондон олимпиадасында қола жүлде олжалаған болатын. Ал оның алдында Пекин олимпиадасына Гюзель Манюрова Ресей атынан қатысып, күміс алған. Ол осылайша үш олимпиадаға қатысып, барлық жүлде түрін алып көрген тұңғыш әйел балуан атанды.
Манюрова осыған дейін, жартылай финалда Ресейдің 2010-2011 жылдардағы бірнеше мәрте чемпионы Екатерина Буркинаға қарсы күресте нағыз спорттық сенсация жасаған еді.

Ұпай жағынан ұтыла тұрса да, Гюзель Манюра жекпе-жекті өз пайдасына таза жеңіспен аяқтаған. Айқастың соңына дейін 8 секунд қалғанда қазақстандық балуан ресейлік қарсыласын шалқасынан сұлатып салды.

Бұдан бұрын Олимпиаданың алғашқы белдесуінде ол Еуропа чемпионы, венгрлік Жанетт Неметті 12.2 есебімен ұтып, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған болатын.

Ал осыдан шамалы уақыт бұрын 63 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Екатерина Ларионова қола жүлде үшін тартыста АҚШ спортшысы Елена Пирожкованы жеңіп, Қазақстан қоржынына жетінші қола медальді салған еді. Ал кеше алтыншы қола медальды тағы бір балуан қызымыз Элмира Сыздықова жеңіп алған болатын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x