Алғабас-6 шағынауданында тағы бір үй қисайып қалды

Dalanews 16 там. 2016 03:57 247

Алматының Алғабас шағынауданында тағы бір үй қисайып қалды. Тұрғындар Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетіне осындай шағым түсірген. Қазір аталған ақпараттың анық-қанығы тексерілуде.

Комитеттің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, қисайған Алғабас-6 шағынауданындағы тоғызқабатты үйлердің бірі.

«Сырт қарағанда, үйдің қисайғаны байқалады. Алайда оның қаншалықты қисайғанын мамандар анықтайтын болады. Олар қазір сол жерде жүр. Мамандар шешіміне сәйкес, тұрғындарды басқа жерге қоныстандыру мәселесі қарастырамыз», – деді Руслан Иманқұлов.

Комитет дерегінше, тоғызқабатты үйге тұрғындар биылғы жылдың 27-шілдесінде қоныстанған екен. Мұнда барлығы 54 пәтер бар.

Қазіргі күні Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің және қалалық әкімшілік Құрылыс басқармасының мамандары осы жерде жүр.

Айта кетелік, бұдан бұрын Алғабас-6 шағынауданында тағы бір үй қисайып қалған еді. Тұрғын үйді 2014 жылы «Астана құрылыс» компаниясы тұрғызған болатын. Мұнда барлығы 72 пәтер бар. Тұрғындар мемлекеттік бағдарлама бойынша бұл жерге 2015 жылдың қазанында қоныстанған еді. Аталған жағдайдан кейін шағынаудандағы барлық көпқабатты үйлер тексеруден өткізілген болатын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x