Шымкентте полиция «сотка» сататын «сақалдыларды» тексеріп жатыр

Dalanews 28 шіл. 2016 04:32 211



Бұған дейін «сақалдылар» қолданыста болған ұялы телефондарды сатуға неге құмар деген тақырыппен мәселе көтерген болатынбыз. Өйткені, Қазақстанның үлкен қалаларының бәрінде дерлік б/у «сотка» сату ісмен негізінен осы «діндарлар» айналысып келеді. Мақалаға арқау болған журналист Арман Сқабылұлының Facebook-парақшасындағы жазба еді. Онда ол ұрланған немесе бұзылған ұялы телефондардың ішіне теріс діни ағымдардың уағыздары жазылып, кездейсоқ тұрғындарға сатылатынын айтқан. Яғни, бұл да «дін жаюдың» бір жолы.





Осы мәселе көтерілгеннен кейін шымкенттік полицейлер «Гарант» дүкенінің алдындағы б/у «сотка» сататын азаматтарды жаппай тексере бастады. Бұл туралы жергілікті «Отырар» телеарнасының тілшілері хабарлап отыр. Рейдке Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірханның өзі шығып, әзірге тек түсіндіру жұмыстарымен шектелді. Дегенмен, қалада экстремизммен күрес барынша қатаңдайтын болады дейді ол.

«Өздеріңізге белгілі, 18 шілдеде Алматыда 5 адамды атып өлтірген лаңкес Руслан Күлекбаев радикалды діни бағыттардың бірін ұстанады. Ол Шымкенттегі ескі аэровокзалда ұялы телефон сатумен айналысқан. Ол секілді саудагерлердің қолынан өтетін телефондарда әдетте экстремистік көзқарастағы теріс діни уағыздар айтылатын аудио және видеоматериалдар сақталады. Яғни, адамдардың миын улау осындай әдіс арқылы да жүргізіледі. Аталған уағыздарды тыңдаған немесе көрген адамдар радикалды ағымға еніп кетуі мүмкін» , - Данияр Мейірхан өзінің Facebook-парақшасында.

Тәртіп сақшылары «Гарант» дүкенінің маңындағы заңсыз саудамен 2012 жылдан бері күресіп келеді. Алайда, саудагерлер жолын тауып, «сотка" базарына айналған орынды тастап кеткен емес.

ДЕРЕККӨЗ: sn.kz




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x