Президент Кәрім Мәсімовке Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесін ұсынуды тапсырды

Dalanews 22 шіл. 2016 12:28 211

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында К.Мәсімов Нұрсұлтан Назарбаевқа ел дамуының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, басты мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы, сондай-ақ Жер реформасы жөніндегі комиссияның қазіргі қызметі туралы баяндады.

Мемлекет басшысы жыл соңына дейін бірқатар маңызды міндеттерді шешуді қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті.

– Біріншіден, экономикалық көрсеткіштердің төмендеуіне жол берілмеуі тиіс, ол үшін барлық жағдай жасалған, қажетті қаражаттар бөлінген, жұмыстың тиісті бағыттары анықталған. Екіншіден, астық жинау мен күзгі-қысқы кезеңге дайындық мәселелеріне назар аудару қажет. Сонымен бірге ЭКСПО-2017 көрмесі мен 2017 жылғы қысқы Универсиадаға әзірлікті жалғастыру керек, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев елдің одан әрі индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз ету және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды.

Сондай-ақ Елбасы жуық арада Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмыс нәтижелерін ұсынуды тапсырды.

– Тамыз айының соңында біз Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, алдын ала қорытындыларын жасау және ары қарайғы іс-қимылды айқындау үшін барлық аталған мәселелердің шешімін әзірлеуді сұраймын, – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

 

Дереккөзі: Қазақпарат

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x