Қазақтар мекендейтін Баян-Өлгий аймағында су тасқыны орын алды

Dalanews 12 шіл. 2016 04:45 380

10-шы шілде күні Моңғолияның қазақтар қоныстанған аймағы (облыс) Баян-Өлгийдің орталығы Өлгий қаласында көп мөлшерде жауған бұршақ салдарынан сел түсті – деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

11 шілде күні де қаланың басқа аудандарынан сел түскені анықталған. Алайда, дер кезінде жұмылдырылған құтқарушылардың көмегімен селді басқа арнаға бұрып үлгеріпті.

Қалалық әкімшіліктегі барлық сатылы қызметкерлердің барлығы да тұрғындарды селден құтқару жұмысына жұмылдырылған. Аймақ орталығында орналасқан 6-шы және 9-шы бақ (аудан) аумағында жүрген селдің зардаптарын жою жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сол бақтарда елді көшіріп, қайтадан су басу қаупі бар деген жерлерде тұрған үй иелеріне басқа құрғақ аумақтардан жер беріліп жатыр.

Өлгий қалалық әкімшілігі үйлері селге кеткен жандарға арнайы орындардан жер телімдерін беріп, сол жерлерге киіз үймен орналастыруда. Үй-мүлкі селге кеткендерге әзірге ешкім материалдық көмек қолын соза қоймаған. Кешегі ақпарт бойынша 6-бақтан 7 үй, 9- бақтан 120-дай үй жарамсыз болып қалған.

«Бір ғана 6-бақ аумағындағы су алған үйлердің аулаларын 10 тонналық цистерналар арқылы сорғызып азайтып жатыр. Бір ауланың өзінен орташа 200-400 тонна су шығуда!», –  деп жазады әлеуметтік желі қолданушылары.

Дегенмен қала билігі әзірге төтенше жағдай жариялаған жоқ. Естеріңізде болса, Баян-Өлгий қаласында орын алған оқиғаны бұған дейін де жазған болатынбыз. Онда селдің салдарынан екі ересек адам мен төрт баланың қаза болғаны мүмкін деген болжам айтылған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x