Су еркесі құндыз жайында не білеміз?

Dalanews 14 мау. 2016 23:18 427

Халқымыздың күнделікті тұрмыс-тіршілігі ежелден-ақ тікелей табиғатпен байланысты болған. Сондықтан да, ана тілімізде  жалпы табиғат және оның жеке байлықтары жайлы айтылған аңыз-әңгімелер, тыйым сөздер,  мақал-мәтелдер, теңеу сөз тіркестері көптеп кездеседі. Мұндай рухани құнды деректер жабайы өсімдіктер мен жануарлардың жеке өздеріне ғана тән ерекшеліктерін нақтылай түсетін ғылыми құнды деректер болып саналады.

Ежелгі көшпелі өмір салтымыз табиғатта болып жатқан құбылыстарға мұқият бақылау жасап, ол туралы дұрыс ғылыми ой-пікірлер, түйінді тұжырымдар жасап отырады. «Түз тағысы табиғатпен тілдес» деген нақыл босқа айтылмаған.

Біз бұл мақаламызда ежелгі кездері кең байтақ даламыздың өзен-көлдерінің көркі болған жабайы су жануары – құндыз туралы ана тілімізде ғасырлар бойы сақталған ұлттық ұғымдарға талдау жасауды жөн көрдік. Құндыз – сүтқоректі жануарлардың кемірушілер тобына жатады. Олардың кемірушілер деп аталуы негізгі қорегін (тал, терек, қайың, көктерек) ағаштардың қабықтарын кеміріп қоректенетіндігіне байланысты айтылған.

Құндыз – негізінен өзен-көлдерде тіршілік ететін су жануары. «Құлан – қырда, құндыз – суда» деген мәтел құндыз тіршілігінің сумен тығыз  байланысты екендігіне нақты дәлел болады. «Су перісі құндыздай», «Жүзгендей сылаңдаған суда құндыз», «Ай жанында туады жарық жұлдыз, айдын көлде түнде ойнар қара құндыз», «Су еркесі құнандай құндыз тапқан», «аспандағы жарқыраған жұлдыздай, суда жүзген құндыздай» деген сөз тіркестері құндыздың тіршілігі тікелей өзен-көлдермен байланысты екендігін аңғартады.

Құндыздың дүниежүзінде  екі түрі таралған. Оның бірі – Оңтүстік Америкада таралған канада құндызы болса, екінші түрі – Еуразия құрлығының өзен-көлдерінде мекен ететін өзен құндызы.

Ертеде бұл аң қазақ даласында көп болғандығы еліміздегі өзен-көлдердің «құндыз» сөзімен аталуы құндыздың кеңінен таралғандығын айғақтай түседі. С.Мұқановтың кітабында ертеде күйеу бала қалыңдық үйіне алғаш барған кезде киіз үйдің кіреберіс қапталына ілу ретінде құндыз терісін ілетіндігі туралы да деректер келтірілген. Мұның өзі құндыз терісінің құндылығын нақтылай түседі.

Құндыздың күшігін ана тілімізде «құнай» деп аталатындығы туралы да теңеу сөздер жиі кездеседі. Оған «Су еркесі құнайдай құндыз тапқан» деген Иса Байзақовтың жыр жолы соны нақтылай түседі. Халқымыздың абыз ақыны әрі халқымыздың ескі сөздерін жинақтаушы  Мұзафар Әлімбай атамыз:

Құнайдай тіккен ішігін,

                              Әкелді Әлжан Қырымнан...

                              Құндыздың жас күшігін –

                              Құнай депті бұрыннан,

деп, жырына арқау еткен.

Құндыз – аса шебер құрылысшы. Құндыздар өздері тіршілік ететін өзен-көлдердің қалыпты деңгейі төмендесе немесе жоғарыласа сол өзен-көлдерге ағаш бұталарынан  қиюластырып жасанды тоған жасап қалпына келтіріп тұрады. Құндыздар топтанып, ересектері, 1-2 жылғы құнайлары бірігіп ағаш бұтақтарынан бірнеше шағын қуыстар жасап, күмбезденген пішінді етіп салады әрі үйшігін үнемі таза ұстайды.

Ұнатпаймын насыңды,

                              Жалқау мен насыңды.

                              Өзі еңбекқор құндызға

                              Иемін мен басымды, – деген жыр шумағында көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі құндыздың еңбекқорлығы кімге болса үлгі боларлық екендігін аңғартады.

Құндыздың құйрық тұсындағы арнайы безінен өте қымбат бағалы  жұпар иісті сұйық бөлінеді. Оны қазақтар «құндыз қайыр» деп атаған. Құндыз қайыры ұлпанынан 3-4 есе қымбат бағаланған.

Құндыздың қыз ұзату туралы ертеден сақталған аңыз-әңгіменің құндыз тіршілігі туралы ғылыми шындыққа сәйкес келетіндігі нақты байқалады. Халқымыздың табиғатта болатын құбылыстарды жіті бақылап, одан дұрыс тұжырымдар жасап отыруы ұлттық ұғымдардың да құнды ғылыми деректер қатарын толықтыра түсетін айқын дәлел екендігін  ерекше атап өткен жөн.

Қорыта айтқанда, ана тілімізде құндыз жайлы сақталған ұлттық ұғымдардың құндыз жайлы ғылыми деректермен сәйкес келетіндігі ешбір күмән келтірмейді.

 

Рысбай СӘТІМБЕКОВ, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Құрметті профессоры, Ардагерлер кеңесінің төрағасы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x