Әл-Фараби мұрасының қазақ даласына қайта оралуы

Dalanews 03 мау. 2016 21:41 816

Жақыпбек АЛТАЕВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор,Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әл-Фараби орталығының директоры

 – Бәріміз әл-Фараби есімі аталғанда, елең етеміз. Фарабитану ғылымының елімізде жандану үрдісі қай жылдары басталды?

– Қазақстанда Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары мен әрекеттері ХХ ғасырдың 60-70 жылдарынан басталып, Қазақстан фарабитанудың әлемдегі ең үлкен орталықтарының біріне айналды. Қазақстандық фарабитанудың басында, негізгі ұйытқысы, мұраларын тұңғыш іздеуші, аударушы, мәселені көтеруші ретінде А.Машани есімі аталса, ал 1968 жылы ҚазКСР ҒА Философия және құқық институтында «Әл-Фараби мұраларын зерттейтін шығармашылық топ» құрылды, топты ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор А.Х. Қасымжанов үйлестірді.

[caption id="attachment_16303" align="alignleft" width="219"]DSC_75622 Жақыпбек Алтаев[/caption]

Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен энциклопедиялық ғылыми мұрасы, рухани әлемі оның көзі тірі кезінде-ақ сол заман ғалымдарының назарын өзіне аудара бастаған. Фараби өмірден өткеннен кейін бұл зерттеулер бүгінде әлемнің алуан тілде жазатын ғалымдар шығармаларымен толығып, «Фарабитану» атты тұтас бір ғылым саласына айналды. Фарабитануды құрайтын сол мұраны шартты түрде бес топқа жіктеуге болады. Бірінші топқа ортағасырлық араб, парсы ғалымдарының жазбалары кіреді. Екінші топқа фарабитанудың тағы бір үлкен саласын ХІХ-ХХ ғғ. Мысыр, Сирия, Ливан, Иран және Ауғанстан ғалымдары толықтырды. Фарабитанудағы үшінші топты батыс авторлары құрайды. Бұл саладағы Фараби мұрасына қызығушылық ХV ғасырдан басталады. Фарабитанудағы төртінші топқа патшалық Ресей және кеңес заманындағы шығыстанушылар жатса, фарабитану ғылымының бесінші тобына түркітілдес халықтар ғалымдарының еңбектерін жатқызуға болады.

Қазақстандық фарабитанушылардың отандық фарабитануға қосқан үлесіне тоқталатын болсақ, белгілі фарабитанушылардың бастауымен әл-Фарабидің еңбектері қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. А.Х.Қасымжанов үйлестірген «Философия тарихы жəне Қазақстандағы қоғамдық-саяси ойлар» бөлімі жанынан құрылған шығармашылық топта И.О.Мұхаммед (Иран), Еуропа тілдерінің маманы Б.Я. Ошерович, шығыс математикасының маманы А.Қ. Көбесов, арабтанушылар А.С. Иванов, К.Х.Таджикова, Н. Караев сынды ғалымдар болды, сонымен қатар мəскеулік арабтанушылар Б.Г. Ғафуров және А.В. Сагадеевпен байланыстар орнатылды. Осы ғылыми шығармашылық топтың арқасында ұлы ғұлама философ əл-Фарабидің шығармашылығымен, қолжазбаларымен мұқият танысуға зерделі зерттеулер басталып кетті. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде А.Қасымжанов, М.Бурабаев, Ә.Дербісалиев, Қ.Жарықбаев, Г.Шаймуханбетов, С.Сатыбековалардың еңбектері қазақстандық фарабитану кеңістігін ұлғайта түсті. Алғаш рет əл-Фарабидің «Философиялық трактаттары», «Əлеуметтік-этикалық трактаттары», «Логикалық трактаттары», «Математикалық трактаттары», сондай-ақ «Птоломейдің «Алмагестіне» түсініктеме» атты мирастары қазақ-орыс тілдерінде жарық көрді.

74073881970 жылдары кеңестік қоғамның академиялық ортасында әл-Фарабидің (870-950) философиялық мұрасына ерекше қызығушылық пайда болды. Бір қарағанда, осы бір  асыл  мұра Орталық Азиядағы ойшылдың отанында, сондай-ақ, Ресей мен бүкіл Кеңес Одағында зиялылар  қауымына енді ғана белгілі бола бастаған  немесе ежелден беймәлім сияқты көрінді. Бұл қызығушылық белгілі бір дәрежеде Ресейде білім алған және академиялық шыңдалудан өткен ортаазиялық философтардың өз өңірлерінің зияткерлік келбетін жасауға деген ұмтылысынан туындады. 1970 жылы Алматыда әл-Фарабидің таңдамалы философиялық трактаттары үзінділерінің аудармасы жасалды, одан кейін математика, әлеуметтік-этикалық мәселелер, логика бойынша трактаттарының үзінділері жарыққа шықты. Бұдан әрі кеңестік идеологияның қағидаларына сәйкес жасалған философия тарихына әл- Фарабидің қосқан үлесін қорытуға арналған еңбектер пайда бола бастады.

Қазақстанда әл-Фараби есімі ХХ ғасырдың 70-жылдары айрықша танымал болды. Бұл, ең алдымен, әл-Фараби ғұмырнамашыларының  IX-X ғасырларда бүгінгі Қазақстанның аумағында орналасқан Фарабты оның отаны деп санауына байланысты еді. Әл-Фараби еңбектерін қазақ-орыс тіліне аудару үшін белсенді жұмыстар жүргізілді. Оның мұрасына арналған көптеген мақалалар мен бірқатар көркем шығармалар жазылды, оның есімімен көшелер мен ғылыми орталықтар аталды. Алайда жетпісінші жылдардан кейін осы ойшылдың мұрасын зерттеу қандай да бір жаңа маңызды жаңашылдыққа әкелген жоқ. Оның үстіне жетпісінші жылдары жасалған еңбектер ат төбеліндей философтар мен шығыстанушыларға ғана түсінікті болды және тарих, философия бойынша жалпы білім беретін курстарға қажетті көлемде енгізілген жоқ. Әл-Фараби мұрасына кеңестік гуманитарлық ғылымның саяси-тәрбиелік аясында алғашқы қатарға оның әлеуметтік көзқарастары шығарылды. Олар негізінен жалпы «әлем бейнесінен» алшақтықпен түсіндірілді.

70-жылдардағы кеңестік ғылымдағы әл-Фараби еңбектеріне қызығушылық біраз жыл өткеннен кейін ғана қайта  жанданды.

– Отандық ғалымдардың Фараби мұраларын зерттеудегі еңбектері өте ауқымды болғанын білдік. Ал әл-Фарабиді зерттеу шет елдерде де осыған дейін болған ба еді? Болса ол қай деңгейде орындалды?

Әрине әл-Фараби сияқты ғаламдық тұлғаның еңбектері көп уақыттан бері әлемнің көптеген ғалымдары тарапынан зерттелініп келеді. Біздің еліміздегі зерттеулер осы үлкен үдерістің жалғасы десем де болады. Әл-Фараби есімі көптеген Еуропа елдеріне ертеден танымал болып, ХII-ХIII ғғ. өзінде-ақ оның философиялық трактаттары ежелгі еврей және латын тілдеріне аударылды. Бірақ әл-Фараби мұрасын жүйелі әрі нақты зерттеу оның трактаттарының мәтіні мен аудармаларын басып шығарумен қатар, зерттеу жұмыстары ХVIII-XIX ғғ. ортасында шыға бастады. Ортағасырлық Еуропа классикалық ежелгі грек философиясымен көп жағдайда әл-Фараби еңбектері арқылы танысты. Мәселен, XII ғ. кезінде оның «Ғылымдар классификасы» деген еңбегі латын тіліне екі рет аударылды. «Альфарабиуса» – «Сананың мәні туралы», «Сұрақтар негізі» және Аристотельдің «Физика», «Поэтика» еңбектеріне түсініктемелері, «Бақыт жолы туралы» және логикаға байланысты трактаттары мен басқа да еңбектері XII ғ. бастап XVII ғ. дейін латын тіліне бірнеше рет аударылды. Философтың кейбір трактаттары осы күнге тек латын тіліндегі аудармалар арқылы жетті, ал араб тіліндегі кейбір қолжазбалары, өкінішке орай,  сақталмаған.

Ресейде жиырмасыншы ғасырдың басында оқырман қауым әл-Фараби мен оның ғылымға қосқан үлесі туралы біршама жақсы білді: 1908-1913 жылдары Ресейде жарық көрген «Ф.А. Брокгауз бен И.А. Ефронның Еврей энциклопедиясында» әл-Фарабидің кейінгі дәуір философиясының дамуына ықпалы туралы толығырақ қамтылған  мақала берілді.

Әл-Фараби бойынша энциклопедиялық мақаланы жазу үшін негізгі көз ретінде арабтілді философия бойынша XIX ғасырда шыққан жарияланымдар қызмет етті:  Де Россидің 1807 жылғы араб тарихи сөздігі, Бонда басылған Шмольдерстің «Documenta philosophorum arabиm еңбегі» (1836), Фарабидің өмірбаянын сыни тұрғыда қарастырған М. Штайшнейдердің Санк-Петербургте 1869 жылы шыққан «Аl-Ғаrаbі (Аlphаrаbіиs) Philosophen Leben dеs аrаbіsсһеn иnd Sсhrіgtеn» еңбегі, 1890 жылы Ф. Дитрицийдің редакциясымен неміс тіліндегі аудармасымен шыққан әл-Фараби шығармалары үзінділерінің жинағы, сондай-ақ, 1898 жылғы
К. Броккельманның «Истории арабской литературы» еңбегіндегі әл-Фарабиге қатысты сілтемелер қолданылған.

– Сөзіңізге қарағанда, философты Батыс та, орыс ғалымдары да дендей зерттеуге күш салған екен. Ал Кеңестік кезеңде әл-Фараби мұраларына деген көзқарас қалай болды? Оны зерттеуде кедергілер мен қиыншылықтар болды ма?

– Әл-Фарабидің кеңестік ғылымға қайтып оралуы жөнінде айтатын болсақ, орыс тіліндегі «Еуропалық энциклопедияда» келтірілген материалдарға ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін айтарлықтай назар аударылған жоқ. Бұл Кеңес Одағындағы гуманитарлық ғылымның дамуының бірқатар ерекшеліктеріне байланысты болды. Олардың ішінен жаңадан жасалған марксистік-лениндік ілімнің басымдықтарына академиялық пән ретінде философияның бағындырылуын атауға болады. Онда ислам философиясындағы араб-мұсылман ойшылдарының іліміне орын табылған жоқ.

«Классикалық» шығыстану саласында кеңестік мерзімде тарих, лингвистика және әдебиеттану бойынша зерттеулерге баса мән берілді. Шығыс философиясы бойынша еңбектерді зерттеу үшін шығыстанушыларға, тіпті жақсы тілдік дайындық кезінде де әл-Фарабиді түсіну үшін өте қажет көне грек философиясы бойынша білім жетіспеді.

Еуропада философия тарихы бойынша зерттеулер жалғасып жатқан кезде, Кеңес Одағында орыстілді оқырманға аса таныс емес және Құдайды жоғарғы ақыл-ойдың сатысы және мәннің ең бірінші себебі ретінде түсіндіретін, өткен кезеңдегі шығыс ойшылының мұрасына бет бұруы мүмкін емес болатын.

Мұсылмандық философиядағы әл-Фарабидің орны және араб әлеміне Аристотельдің ықпалы туралы Мадкуридің 1934 жылы Парижде шығарған еңбектерін, сондай-ақ әл-Фарабидің латын тіліндегі ортағасырлық аудармалары туралы Бедоренің 1938 және Салмонның 1939 мақалаларын да кеңестік ғалымдар бірден байқай қойған жоқ.

Әл-Фараби мұрасына бет бұру ұлтшылдықпен, космополитизммен және «басқаша ойлаудың» осындай көріністерімен күрес жөніндегі идеологиялық науқан бәсеңсігеннен кейін ғана мүмкін болды. Бұрынғысынша, «құдай іздеушілікпен» тығыз байланысты тақырыптар жетістікке үміттене алмады және теология тұрғысында мұсылман философтары еңбектері зерттеулерінің кеңестік академиялық институттарда мақұлдануы да екіталай еді. Алайда, «парасатты ойды» іздеуде тәжірибе жинақтаған кеңестік ғалымдар жаңаша «тұжырымдаудың» – пәнді оңтайландыру арқылы өз зерттеулеріне жол таба білді.

Әл-Фарабидің бай философиялық мұрасына философиялық көзқарас тұрғысында «парасатты ой» ретінде, бірінші кезекте, әлеуметтік философия мәселелеріне, әлеуметтік әділдік пен жалпы игілік проблемаларына арналған шығармалар іріктелді. 1978 жылы «Үлкен Кеңестік Энциклопедия» басылымында әл-Фарабидің әлеуметтік көзқарастары баяндалған мақала енгізілді: «Әлеуметтік-этикалық трактаттарында әл-Фараби билеуші-философ басқаратын, оған қоса  имамның, діни қауымның жетекшісі міндетін атқаратын, өздері ақиқаттың «белсенді зиятынан» алатын ақиқатты образдық-символдық формада жұртшылыққа беретін «ізгілікті қала» туралы ілімді дамытты. Әл-Фараби «надан қалаларды» жағымсыз адами қасиеттерді мансұқтайтын қалаларға қарсы қойды». 

– Әл-Фарабидің Еуропа ғылымына ықпалы туралы не айта аласыз?

– Орта ғасыр кезеңінде әсіресе әл-Фараби өзінің философиялық жүйелі ойларымен, ғылым тарихында, логика, музыка теориясы, астрология, теоретикалық медицина, математика, мемлекет іліміне қатысты өзінің жарқын ойларын таныта отырып, әлемдік ғылымға өзіндік ізін қалдырды. Оның ойлары ибн Сина және ибн Рушд сияқты кейінгі философтармен жалғастырылып, Спиноза философиясына және ол арқылы француз философиясына айтарлықтай өз ықпалын тигізді. Демек, әл-Фараби философиясы тек Орта және Таяу Шығыстағы  әлеуметтік-философиялық идеялардың дамуына әсер етіп қоймай, Батыс Еуропаға да өз ықпалын тигізді деп айта аламыз. Академик М.М.Хайруллаев айтқандай, «әл-Фараби философиясы Ибн Баджа, Ибн Туфейль және Ибн Рушд секілді аса көрнекті ғалымдарды дүниеге әкелген XI-XIII ғ.ғ. «арабтық» Испания және Солтүстік Африкадағы алдыңғы қоғамдық-философиялық ойлардың дамуына шешуші ықпалын тигізді».

Белгілі философ Ибн Баджа (XI ғ. аяғы – 1138 ж.) әл-Фарабидің бірсыпыра идеяларын дамытты. Оның индивидтің мінезін кемелдендіруі мен бақытқа жету жолдары баяндалған «Жалғыз өмір сүру салты туралы» атты басты еңбегі әл-Фарабидің әсерімен жазылған.

Әл-Фараби философиясы мен логикасы Ибн Туфейльге де (1110-1185) әсер етті, «Хай және Якзан ұлы туралы роман» деген еңбегінде ғылыми ойдың дамуына әсерін көрсетеді. 

Әл-Фарабидің Еуропа ғылымына әсері оның ізбасарлары ибн Сина, әсіресе ибн Рушд арқылы көрініс тапты деп айта аламыз. Аверроизм, негізінен XIII-XIV ғ.ғ. прогрессивті француз және итальян философиясына қатты әсер етіп, оның негізі болды. Батыс Еуропа ортағасырының ірі ойшылдары Р.Бэкон, Д.Скот өздерінің теориялық шығармаларында әл-Фараби, ибн Сина, ибн Рушд еңбектерін қолданды. Спинозаның кейбір трактаттарында құрылымы мен бағытына қарай әл-Фараби еңбектеріне жақындық сезіледі. Осман Әмин әл-Фараби мен Спинозаның ұқсас концепцияларын айтады. И.Мадкур екі ойшылдың зерде мен пайғамбарлық жайлы идеялық ұқсастықтарын көрсетеді. Олардың ішіндегі ең ұқсасы әл-Фараби мен Спинозаның әлеуметтік-саяси концепциялары жөніндегі ойлары. Мысалы, бақытқа жетудің жолдары, мақсаты, мемлекетті басқарудың формасы мен функциясы т.б. Спиноза әл-Фараби секілді өзінің қоғам туралы ілімін адамның «шынайы» табиғатынан шығарады, мемлекеттің мақсаты әрбір адамды ақылмен басқарып, бақыт пен бостандық сыйлау дейді. Әл-Фарабидің адамдардың индивидуалды армандарының бірлігі ретіндегі социум ұғымы Ж.Ж. Руссоның «әлеуметтік келісім» идеясына сәйкес. Сондай-ақ әл-Фарабидің «білім – интуицияға негізделген» деген ойы Николаустың, Шеллингтің, Бергсонның және Штейнердің еңбектерінде өз көрінісін тапты. Әл-Фарабидің адам туралы негізгі идеясы микрокосмос және макроадамдар әлемі ретіндегі ойлары Николаус, Лейбниц, Спенсерден бұрын болды. Әл-Фарабидің зердеге негізделген этикалық жүйесі Еуропада тек ХIХ ғасырда И. Кант философиясында өз көрінісін тапты. Атақты неміс шығыстанушы ғалымы Ф.Детриций сынды зерттеушілердің айтуынша: «Шығыста Аристотель әл-Фарабидің еңбектерінің арқасында ғана Аристотель атанды», – дейді. Көптеген ортағасырлық ғалымдардың айтуынша, әл-Фараби – ортағасырлық еуропалық ойдың қалыптасуына әсер еткен перепатетизмнің негізін қалағандардың бірі. Шығыс перепатетиктері әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн-Сина, Ибн Рушд сындылар Аристотель еңбектерін талдап, Еуропаға кеңінен танытты.

Сондықтан да арабтілді ортағасырлық философия көне гректік философияның алғашқы мұрасы ретінде шығармашылық жағынан дамытып, жаңа деңгейлерге көтерді. Әл-Фраби Шығыс пен Еуропа мәдениеттерін байланыстырушы «көпірге» айналды.

– Әл-Фараби мұраларын зерттеудегі Еуропа ғалымдарының үлестері қандай болды?

– Өз кезегінде әл-Фараби мұраларын тануда ХІХ-ХХ ғғ. Еуропалық ғалымдарды да айта кеткен жөн. Олар: ХІХ ғасырдың екінші жартысында ортағасырлық арабтілді Шығыс рухани мәдениеті жайлы еңбектер жазған  неміс ғалымы М.Штейншнейдер, 1890 жылы әл-Фарабидің сегіз философиялық трактатын лондондық, лейдендік және берлиндік жазбалардан жариялаған Фридрих Детриций, неміс және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Ислам философиясының тарихы» еңбегінің авторы, голландық ғалым Де Бур болды. Ортағасырлық араб философиясын зерттеген француз ғалымдары, соның ішіндегі фарабитанушылар: И.Форгет, С.Дугат, Л.Лутхер, С.Мунк, Э.Ренан, И.Финнеген т.б. айтуға болады. Э.Ренанның «Аверроэс и авероизм» (Париж,1952) еңбегінің маңызы зор. Танымал француз шығыстанушысы Р.Эрланже 1930-1935 жж. әл-Фарабидің музыкаға қатысты «Китаб әл-мусика әл-кабир» («Музыканың үлкен кітабы») кітабын Парижде түпнұсқадан аударып, жарыққа шығарды. Бізге белгілісі, ХХ ғасырдың басында  шығыстың рухани мәдениетін зерттеуде әл-Фараби мұраларын зерттеу өз жалғасын тапты. Көптеген шығыстанушы ғалымдардың, А.Мец, Л.Массиньон, Р.Блашэр, А.Массэ, Ф.Габриели, Э.фон Грюнбаум, Ф.Коплстон т.б. еңбектері жарыққа шықты. Сондай-ақ, ресейлік: И.Крачковский, Е.Бертельс, В.Бартольд сынды  шығыстанушы-философтардың да қосқан үлестерін атап өткен жөн.

Әл-Фараби жайлы еңбектер Англия, Испания, АҚШ сынды мемлекеттерде де жарыққа шықты.

Дүниежүзінің оқымыстылары Фараби мұраларын 1000 жыл бойы  тынбастан зерттеп келді. Олардың ішінде араб-парсы тілдерінде жазған Ибн әл-Надим (995ж), әл-Байхаки (1169), Ибн әл-Кифти (1248), Хаджи Халифа (1657), латын тілінде жазған Венике (1484ж), Камерариус (1638), француз тілінде жазған Генрих Зутер (1902) және т.б. бар.

Фарабидің әлемдік мәдениет пен ғылымға қосқан үлесін зерттеудің маңызын алғаш рет шетел ғалымдары Г. Сартон, Д. Беркал және А. Койре негіздеп берді. Музыка саласында Фараби әр алуан шығармалар мен қатар «Музыка туралы үлкен кітап» атты іргелі еңбегін француз тілінде И. Мадкури мен Г. Фармер жариялап, ғылыми түсініктеме жасады.

Фараби мұраларын зерттеуде тек қана шығыс, орыс ғалымдары ғана емес, Батыс ғалымдары да зерттеп, еңбектерін жариялауда. Бұл тұрғыда америкалық ғалым Николас Решердікі айтуға тұрарлық еңбек. Николос Решер – АҚШ-тың Питсбург университетінің профессоры. Ол – Фараби және  оның шәкірттерінің ғылыми мұраларын көп зерттеген ғалым. Николас Решер ұзақ ізденудің нәтижесінде 1962 жылы ағылшын тілінде «Фарабидің аннотацияланған библиографиясы» деп аталатын, Фарабиді зерттеушілер үшін құнды еңбегін жариялады. Мұнда 1000 жыл бойында Фараби жөнінде кім не жазды, Фараби шығармалары қай тілдерге аударылды, оның мұрасының аса құнды екенін дәлелдейді.

– Отандық фарабитанудағы сүбелі еңбектер туралы ойыңыз қалай?

– Отандық фарабитанудағы сүбелі еңбек туралы айтатын болсақ, 1975 жылы Әбу Насыр əл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған үлкен халықаралық ғылыми конференция «Мәскеу-Алматы-Бағдад» қалаларында болып өтті. Сөйтіп Алматы аз уақыттың ішінде əл-Фараби мұраларын зерттейтін ғылыми орталыққа айналып, ол жұмыстар шетел ғалымдары арасында да кеңінен танымал болды. Сондай-ақ, 1975 жылы Мәскеу қаласында белгілі шығыстанушы ғалым Б.Г. Ғафуров пен А.Х. Қасымжановтың орыс тілінде шыққан «Әл-Фараби мəдениет тарихында» («Аль-Фараби в истории культуры») атты кітабы араб-мұсылман философиясы мен мәдениетін, фарабитанумен шұғылданушы ғалымдар арасында үлкен сұранысқа ие болса, ал 1982 жылы Мәскеу қаласындағы «Мысль» баспасынан ғалымның «Аль-Фараби» атты кітабы көпшілікке кеңінен танымал болды. Сондай-ақ, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Ануар Алимжановтың «Ұстаздың оралуы» атты романы қазақ оқырмандары арасында үлкен резонанс туғызды.

Қазіргі таңда жарты ғасырдан астам ел ғалымдарының ізденістері терең тарихқа айналып та үлгерді. Алайда, әл-Фараби мұраларының елімізде тамыр жаюында және аудару мен зерттеу жұмыстарын жүргізуде кеңестік идеологияның көңілінен шығу оңайға тиген жоқ. Сол кездегі фарабитанудың басында тұрған отандық ғалымдардың жанкешті еңбектері мен ғылым алдындағы адалдықтары – олардың бүкіл өмірі мен шығармашылықтарын ғұлама мұраларын зерттеу, насихаттау, әлем кітапханаларынан іздеу жұмыстарына арнағаны айғақ. Осы орайда айтатын нәрсе әлем мұрағаттары мен кітапханаларында сақталған Фараби мұрасын жинап, жүйелеп, зерттеп, ғылым игілігіне, ұлт мүддесіне жаратуды Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев басшылығымен жасалған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде әл-Фарабидің он томдық еңбектерінің жарыққа шығуы үлкен маңызға ие. Қазақстанда Фараби мұрасына деген қызығушылық Фараби ілімін зерттеп, зерделеуге ұмтылған ғалымдардың екінші жаңа толқыны өмірге келді.

– Еліміздегі ең үлкен білім ордасы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және оның жанында құрылған «Әл-Фараби» ғылыми орталығы ғұламаның құнды мұраларын насихаттауда қандай жұмыстар жүргізіп келеді?

– Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің таңымен қазақтың ғылымы мен білімінің қара шаңырағы атанған Қазақ Ұлттық университетіне 1991 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілді. Ал 1993 жылы әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Орталықты отандық фарабитанудың негізін қалаушылардың бірі профессор А.Х. Қасымжанов басқарды.

[caption id="attachment_16304" align="alignright" width="249"]20234 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ. Мұтанов[/caption]

Әл-Фараби зерттеу орталығында әл-Фараби мұрасын зерттеп, насихаттауға қатысты монографиялар мен көптеген ғылыми мақалалар жарық көруде. Сондай-ақ әл-Фараби бабамызды әлемдік деңгейде танытуда да іргелі жұмыстар жасалынуда. 2010 жылдың 18 қарашасында Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменовтің ұйымдастыруымен «Әл-Фараби және еуропалық өркендеу дәуірі» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл жиынға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары мен қазақстандық фарабитанушы ғалымдар өз үлестерін қосты.

Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде арнайы ашылған әл-Фараби мұражайы жұмыс жасайды. 

Айта кетерлік жайт, университет ректоры академик Ғ.М. Мұтанов мырзаның бастамасымен әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы халықаралық Абай клубы мен оның Президенті, белгілі жазушы Роллан Сейсенбаевпен бірлесе отырып әл-Фараби  трактаттарын қайта басып шығару жұмысы жолға қойылды. Бұл еңбектердің қайта оралып, жаңарып бастырылуы жас ұрпақтар үшін Фараби мұраларын танып-білуде үлкен септігін тигізері анық.

ҚР БҒМ қолданбалы ғылыми зерттеулер жұмыстары аясындағы орталықтағы шығармашылық топ әл-Фараби мұраларын зерттеу бойынша гранттық жобаларды сәтті жүзеге асыруда.

2014 жылдың 2-12 сәуір аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 80 жылдық мерейтойына орай тұңғыш «І Халықаралық Фараби оқулары» өтті. Бұл дәстүр жыл сайын жалғасын табуда. Қазақ Ұлттық университетінде «AL-FARABI UNIVERSITY SMART CITY» атты Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш ғылыми-инновациялық жоба қолға алынып, іске қосылуда. Әл-Фарабидің әмбебап рухани құндылықтар негізінде құрылған «қайырымды қала» әлеуметтік идеал идеясы осы жобаның маңызды рухани-адамгершілік бастау-бұлағы болып табылады.

– Әл-Фараби ілімінің қазіргі қоғам дамуына ықпалы қандай деп айта аламыз?

– Ұлы жерлесіміз, ғұлама ғалым әл-Фараби еңбектері күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ, мұраларының қазақ даласына қайта оралуы және оның мемлекет басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық, саяси, философиялық, діни көзқарастары қазіргі жаһандану аясындағы қоғамымыз үшін өте маңызды.

Сөзімізді қорытындылай келе келесі ойды айтқымыз келеді: ұлы адамдардың шығармашылығына зейін салып қарасақ, олар өз заманының перзенті ретінде өздері өмір сүрген дәуірдің айқындаушы бейнесі болып табылады. Қазақ даласы Отырарда дүниеге келіп, түркілік дүниетанымның мүмкіндігін әлемге паш еткен Әбу Насыр әл-Фараби адамзаттың кемелдікке деген үздіксіз ұмтылысын бейнелейді! Батыс пен Шығыстың өркениеттер аралық  сұхбаттастық идеалына жақындай түсуіне жағдай жасайды. Әлемдік өркениетте өз орнын ойып алған ұлы жерлесіміз әл-Фараби іліміне қайта оралу, танып білу, ұлт мүддесіне жарату – таусылмас рухани азық, баға жетпес рухани құндылық.

Сұхбаттасқан Т. ТАҢЖАРЫҚ


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x