Атырау халқы шеруге шықты

Dalanews 24 сәу. 2016 07:08 191



Бүгін Атыраудағы Исатай мен Махамбет аланыңа жүздеген адам жиналды. Олар «жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға» қарсылығын білдіруге келгендерін айтады. Бұл туралы "Азаттық" сайты хабарлайды





Атыраудағы орталық алаңға жұрт түскі сағат 12 кезінде жинала бастады. Олар Қазақстан жерін «шетелдіктерге жалға беруге және сатуға» қарсылығын білдіруге келгендерін айтады.

Осы жерге келген қала әкімі Нұрлан Ожаев пен облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевқа жиналғандар өз талаптарын жеткізді. Әкім Ожаев «рұқсат етілмеген митинг өткізу - заңсыз» болатынын айтқанымен, жұртшылық билікке талаптарын айту үшін жиналғандарын айтып, тараудан бас тартты.

Шенеуніктер жұртқа «Қазақстанның жері мен егемендігіне ешкім қол сұға алмайтынын» түсіндіруге тырысты. Жиналғандар оларға Қазақстан жерін шетел азаматына 25 жылға жалға беру «ел мен жер болашағына қатер» деп санайтындарын айтты. Бұдан соң билік өкілдері алаңнан кетіп қалды. Алаңда митинг жалғасып, көпшілік алдына шығып сөйлегендер «жерді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де» қарсы екендерін мәлімдеді.

Қоғамдық белсенділер жиналған жұртты «арандатудан сақ болып, тәртіп бұзбауға» шақырды. Исатай мен Махамбет алаңы маңына бүгін таңертеңнен жиналған полиция митингті сырттай бақылап тұрды.

Арада тағы біраз уақыт өткенде наразылық акциясы өтіп жатқан алаңға Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев келді. Жиналғандардың «Жер-Ананы сатуға және жалға беруге болмайды» деген сөздерін ол да естіді.
 Бұған дейін жергілікті белсенділер Атырауда 24 сәуірде митинг өткізу туралы қала әкімдігіне өтініш бергенімен, билік рұқсат бермеген. Атырауда «жерді жеке меншікке сатуға» қарсы акцияға шықпақ болған кейбір азаматтық белсенділер жексенбі күні тергеуші сұрағына жауап беруге шақырылғандары туралы қағаз алған.

Бүгін алаңдағы жиында жұртшылық тарапынан облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа «полиция мен прокуратура белсенділерді қудаламасын» деген талап айтылды. Әкім белсенділерді ешкім қудалап, жазаламайды деп сендіруге тырысты. Облыс басшысы алаңдағы жұрттан талаптарын қағазға түсіріп, өзіне жазбаша түрде беруді сұрап, оны Ақордаға жеткізетінін айтты.
Қазақстан Жер кодексіне былтыр күзде енгізілген өзгерістерге сәйкес, биылғы шілде айынан ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді ел азаматтарына аукцион арқылы жеке меншікке сату, сонымен бірге шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға ондай жерді 25 жылға дейін жалға беру басталмақ. Бұл жаңа өзгеріс Қазақстан қоғамында қызу пікірталас тудырған.

"Азаттық" сайты





Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x