ІІІ халықаралық Фараби оқулары өз мәресіне жетті

Dalanews 15 сәу. 2016 22:45 190

15 сәуір күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бас ғимаратының 15 қабатында орналасқан мәжіліс залында аталмыш университеттің 4-15 сәуір аралығына өткізілген ІІІ халықаралық Фараби оқуларының қорытынды жиналысы болып өтті.

Жиналыста ІІІ халықаралық Фараби оқулары бойынша есеп берген факультеттер декандары мен жауапты тұлғалардың  баяндамаларынан түйгеніміз осы он күн аралығында төмендегідей жұмыстар атқарылған.

Бірінші, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың туылғанының 150 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейханов және Алаш мұрасы» атты конференция аясында Әлихан Бөкейхановтың саясаткерлігімен бірге әдебиетке қосқан үлесі талқыланған. Алаш мұрасы «Айқап» журналының тұсауы кесілген.

Екінші, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Кембридж университеті және  Түркі мәдениеті халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) арасындағы үш жақты келісім бойынша болашақта Кембридж университетінде Түркітану ғылыми орталығы ашылады.

Үшінші, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Түркі мәдениеті халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) және Ирандық ғалымдармен Үш жақты келіссөз бойынша «Иран-Тұран» жобасы  қолға алынады.

Төртінші, Ұлы ойшыл, ғалым және ақын Жүсіп Баласағұнның 1000 жылдық мерейтойына орай «Жүсіп Баласағұн шығармашылығының түркі әлемі мәдениетіне қосқан үлесі» атты ғылыми конференция өз мәресіне жетті. Бұл жайында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.М. Мұтанов: «Енді біз қашан Жүсіп Баласағұнның 2000  жылыдығы болады деп отырмай, көршілес қырғыз ағайындармен бірге ұлы ақынның мұрасына зерттеулерді жалғасытыруымыз керек. сонымен бірге Жамбыл облысындағы көне Баласағұн қаласының орны деп жатқан көне қала құрылысына археологиялық зерттеу жүргізуіміз қажет. Бұған біздің ғылыми және материалдық әлеуетіміз жеткілікті», – деді.

Бесінші, «Жасыл көпір ұрпақтан-ұрпаққа» атты V Халықаралық студенттік форум  және «ХХI ғасырдағы тұрақты дамудың ғаламдық энергоэкологиялық стратегиясы» атты конференцияға қатысқан отандық және шетелдік ғалымдар мен студенттер адамзатты «жасыл экономика» және тұрақты даму бойынша жұмыс жасауға, экологиялық мәселелермен ортақ күресуге шақырады.

Алтыншы, биология және биотехнология факультетінде өткен «Қазіргі биотехнология мәселелері: лабораториялық зерттеулерден өндірістерге» тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференция барысында өзекті ғылыми мәселелер талқыланды, сонымен бірге жұмыс берушілер және шетелдік әріптестермен келісімдерге қол жеткізілген.

Жетінші, Халықаралық қатынастар факультетінде өткен «Орталық және Оңтүстік Азия: көлік және көлік инфрақұрылымын дамыту» атты  тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында халықаралық жобалар мен жаңа өңірлік ақиқат контекстіндегі Орталық және Оңтүстік Азиядағы жібек жолы бойындағы көлік дәліздерін дамыту бойынша ұсынылған бастамалар талқыланған.

Сонымен бірге  Тарих, археология және этнология факультеті, Журналистика факультеті және Заң факультетінде өткен ғылыми конференциялардың да қорытынды баяндамалары тыңдалды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.М. Мұтанов әрбір баяндама соңында жауапты тұлғаларға нақтылы тапсырмалар берді, әсіресе Журналистика факультетіне болашақта электронды БАҚ басшылармен және Республикалық баспасөзбен тығыз жұмыс жасауға тапсырма берді.

ІІІ халықаралық Фараби оқулары мен оның аясында өткен «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференцияға 6000-нан астам отандық және 170-тен астам шетелдік қатысып, үздік ғылыми жұмыстар марапатталды. Студенттер арасындағы ғылыми жобалар байқауы өз мәресіне жетіп, таңдалған үздік ғылыми жобалар қаржыландырылатын болды.

Жиналыс соңында жас ғалымдар арасында өткен «Үздік жас ғалым» байқауы нәтижесі жарияланып, 15 жас ғалымға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің дамуына үлес қосқандығы  үшін арнаулы диплом және университеттің 80 жылдық мерейтойлық медалы табыс етілді.

 

Әлібек Ыдырыс,


әл-Фараби атындағы ҚазҰУ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x