"Батыр ана" баспанасынан айырылуы мүмкін...

Dalanews 30 нау. 2016 06:29 225

Он бес жыл бұрын «Тамсан»  жастар одағына 1,92 гектар жер телімі бөлінген кезде, Сейдахметова Меделхан сол жерден жер телімін алғандардың бірі. Өзі алған жер теліміне үй тігіп, он жылдан астам бейғам тұрып келген. Алайда сексеннің сеңгіріне шыққан уақытында, «батыр ана» баспанасынан айырылуға жақын. Барлығын басынан бастасақ. 

Алматы әкімінің №86/29 шешімі бойынша, 1998 жылдың 20 мамырынан бастап «Тамсан» жастар одағына 1,92 га жерді жеке пайдалануға береді. Сол тұста Сейдахметова Меделханның «батыр ана», ал жолдасы ҰОС-ның ардагері екені ескеріліп, 2000 жылдың 11 мамырында аталған аймақтан № 158 жер телімі беріледі. Қуанышы қойнына сыймаған қариялар өзіне берілген жерге үй тігудің қамына кіріседі. Басында үй салуға қаражаты болмағандықтан жер теліміне картоп егіп күн көреді. Ал 2005 жылдан бастап үй салып,  бейберекет күн кешеді. Алайда араға жылдар салып, Меделхан апамыздың басына қара бұлт үйірілетіні үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Ол осыдан 15 жыл бұрын маңдай терімен қол жеткізген баспанасынан айырылудың аз-ақ алдында тұр. Себеп аталған жер телімі заң жүзінде Меделхан Сейдахметованың емес, көршісі Ибрагимова Айгүлдікі болып шыққан. Бір қызығы, «Тамсан» одағының жер телімін бөлген жоспарында ол азамтшаның(Ибрагимова Айгүлдің) есімі де жоқ. Ол аз десеңіз, Айгүл ханым, сотқа 2004 жылдың 12 ақпанында берілген № 104 жер телімін растайтын мемлекеттік актіні көрсеткен. Ал ол жер телімінде неше жыл бойы Меделхан апамыз өмір сүріп жатыр. Он жыл уақыт өткенімен, Айгүл Ибрагимова ол жерде бір мәрте де бой көрсетпеген.Жерге салық, басқа да міндетті төлемдердің бірін де төлемеген. Меделхан Сейдахметованың туыстары кадастрлық тексеріссіз-ақ жер теліміне берілген құжаттардың қолдан жасалғаны білініп-ақ тұр дейді. Себебі Айгүл Ибрагимоваға берілген жер телімін жоқ жерден тауып берген. Яғни оған жоқ жердің құжатын берген дейді олар. «Сот құжаттың растығы мен жер телімін растайтын экспертизаны жасауға міндетті еді. Себебі А.Ибрагимоваға ҚР жер кодексінің 43 бабын бұзып, заңсыз жер бөліп берген. Қазіргі күні Айгүл Ибрагимова өзі тұрмақ, енесі мен анасына осындай жер телімдерін заңсыз құжаттандырып берген. Мұнымен қоса, қазіргі күні Меделхан апамызбен соттасып жатыр. Ал оның анасы Елекеева көршісімен осындай жағдаймен соттасып, жерін тартып алды»,- дейді Меделхан Сейдахметованың жақындары. Сотқа жүгінген Меделхан ханымның шағымын сот қарастырмаған да. Жоғарғы сот болса, жер телімін бөлісу үшін сотқа шағым білдіру уақытынан кешігіп қалды деп түсіндіріпті.
Қазіргі уақытта Ибрагимова Айгүлдің тұрғын үйі мен бірнеше жер телімі бар. Ал бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрған Меделхан апамыз жалғыз жер телімі үшін соттан сотқа, есіктен есікке кіруге мәжбүр. «Батыр ананың» соңғы үміті Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырзада!

Абзал Сүлеймен

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x